Атырауда 900 орындық жатақхананың жобалау жұмысы неге ұзаққа созылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің студенттеріне арналған 900 орындық жаңа жатақхана құрылысы бірнеше жылдан бері басталмай келеді. Бұған ескі ғимарат аумағында өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес арнайы өрт сөндіру техникаларының еркін кіріп-шығуына мүмкіндік болмауы себеп.

Фото: Kazinform/Нұрбибі Теміртасова

№ 2 жатақхана 2023 жылдың ақпанында апатты деп танылған. Әкімдік оның орнына жаңасын салу үшін жобалауды 2023 жылдың қазан айында бастады. Алайда бұл жұмыс созбалаңға салынып кетті. Мұны әкімдік өрт қауіпсіздігі нормаларын толық сақтау мақсатында қосымша жер телімін алу және оны мемлекеттік мұқтаждық үшін алып қою рәсімдеріне кеткен уақытпен байланыстырады.

Ал университет ректоры Саламат Идрисовтың айтуынша, жатақхана құрылысының кешігуі студенттерді орналастыруға әсер етіп отырған жоқ. Қазір жоғары оқу орны үш жатақхана арқылы сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

— Бізде бүгінде 9 мыңға жуық студент білім алады. Жатақханаға мұқтаж студенттердің барлығы орынмен қамтамасыз етілген. Студенттер айына 10 мыңнан 15 мың теңгеге дейін төлеп тұрады, ал әлеуметтік осал санаттағы жастар жатақханада тегін тұрады. Дегенмен жаңа жатақхана біз үшін өте маңызды жоба. Бұл тек тұратын орын емес, студенттерге арналған заманауи коворкинг және демалыс аймақтары бар көпфункционалды орталық болады. Өкінішке қарай, жоба мемлекеттік сараптамадан бірнеше рет ескертулермен қайтарылып, соның салдарынан құрылыс мерзімі ұзарып кетті, — деді Саламат Идрисов.

Жаңа жатақхана өзара байланысқан үш блоктан тұрады. Жобада студенттердің жайлы тұруына, білім алуына және бос уақытын тиімді өткізуіне қажетті барлық жағдай қарастырылған. А және В блоктарында жалпы 800 студентке арналған тұрғын бөлмелер бар. Әр қабатта қыздар мен ұлдарға арналған жеке секциялар қарастырылған. Сонымен қатар А блогының бірінші қабатында медициналық блок, өзіне-өзі қызмет көрсететін кір жуу орны, жеке заттарды сақтауға арналған қойма, құжаттарды басып шығару және кеңсе тауарларын сату орны, сондай-ақ жатақхана қызметкерлеріне арналған кабинеттер бар.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Орталық Б блогында 100 орындық асхана, 80 орындық оқу залы бар кітапхана, компьютерлік сыныптар, студенттердің бос уақытын ұйымдастыру орталығы, ерекше қажеттілігі бар студенттерге бейімделген бөлмелер және 150 орындық акт залы қарастырылған. Сондай-ақ мұнда 20 тренажерге арналған спорт залы, киім ауыстыратын бөлмелер, душ және санитарлық тораптар болады.

Жаңа нысан Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша салынады. Жобаны әзірлеуші бас ұйым — «Авангард ОК» ЖШС. Алайда құрылыс жұмысы нақты қашан басталатыны белгісіз.

Фото: Атырау облыстық құрылыс басқармасынан

— Қазір ескі жатақхана ғимаратын бұзып, оның орнына заманауи талаптарға сай жаңа студенттер үйін салу жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қарауында жатыр. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр, — деп мәлімдеді басқарма.

Айта кетейік, құрылыс жұмыстары мемлекеттік инвестициялар есебінен жүзеге асады. Жалпы жоба құны 7 млрд теңгеге жуықтайды.

Фото: Атырау облыстық құрылыс басқармасынан

Еске салайық, өткен жылы жоғары оқу орнының апатты деп танылған жатақханасының бір бөлігі құлап қалған еді.

Бұған дейін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нұргүл Тау жатақхана орындарын бөлетін ұлттық цифрлық платформаны құруды ұсынғанын жазған едік.