Полиция департаментінің мәліметінше, 94 тұлға құқықбұзушылыққа бір жыл ішінде бірнеше мәрте жол берген. Барлық дерек бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Мәселен, 11 қазанда сағат 16:21 шамасында Атырау қаласындағы Азаттық көшесінде 1974 жылы туған ер адам қоқыс қалдықтарын шығарып, абаттандыру қағидаларын бұзған.
— Бұдан бөлек, 28 қыркүйекте Құрманғазы ауданының Қыдыр ата көшесіндегі үйлердің артында орналасқан қоқыс контейнерлерінің уақытылы тазаланбағаны анықталды. Аумақты күтіп ұстауға жауапты мекеме өз міндеттерін тиісінше орындамағандықтан, контейнерлер шамадан тыс толып, тұрмыстық қалдықтар айналаға шашылған. Тексеру барысында мекеменің абаттандыру қағидаларын бұзуды бір жыл ішінде қайталағаны белгілі болды. Осыған байланысты ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады полиция.
Полиция департаменті қоқыс пен өзге де қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастағаны үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертті. Ведомство тұрғындарды тазалық талаптарын сақтауға, қоршаған ортаны ластамауға және қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға тастауға шақырды.
Бұған дейін Алматыда абаттандыру кезінде заң бұзған мердігерге айыппұл салынғанын жазған едік.