Атырауда әкімдік пен автопарк дауы жүргізушілер жалақысының азаюына әсер етіп отыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда Algabus және Atyrau-Avtopark компанияларының бір топ жүргізушісі жалақының қысқартылуына байланысты наразылық білдірді.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Жүргізушілердің айтуынша, басшылық сәуір айынан бастап еңбекақы мөлшерінің төмендейтіні туралы ескерту жасаған. Бұған дейін компания қызметкерлерге бір сағаттық жұмыс үшін 3500 теңге төлеп келген. Енді бұл төлем 2480 теңгеге дейін азайтылмақ.

Фото: Нұрбибі Теміртасова

- Күніне 15 сағат жұмыс жасаймыз. 15 мың теңгемізді қиып тастайын деп отыр. Біз жалақыны өсір деп жатқан жоқпыз. Бұрынғыдан қалдыруды сұраймыз. Сәуір айында арнайы хабарландыруға қол қойсақ, табысымыз өте төмен түсіп кетейін деп тұр. Ал келіспесек, жұмысты тоқтатуға тура келеді, - деді автобус жүргізуші Берік Ержанов.

Жүргізушілер еңбекақыны көтеруді емес, бұрынғы деңгейде қалдыруды ғана сұрап отыр. 

- 2024 жылдың жазында жалақымызды көтерді. Өзіміз сол айлыққа қанағаттанамыз. Атырауда 7 автопарк жұмыс істейді. Соның бесеуінде жұмыс істейтін жүргізушілер төменгі жалақы алып отыр. Түсінгеніміз бойынша, біздердің айлығымызды солармен теңестірейін деп отыр. Ал біз оған қарсымыз, - деді автобус жүргізушісі Меңдігерей Аманов.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың айтуынша, автопарктермен жасалған келісімге сәйкес, жүргізушілердің жалақысы бюджет қаражатына байланысты арнайы комиссия хаттамасы арқылы бекітіледі. Оның мәліметінше, комиссия есептеулеріне сәйкес жүргізушілердің жалақысы шамамен 500 мың теңге деңгейінде белгіленген. Алайда автопарк басшылығы 2024 жылдың қыркүйегінен бастап бұл мөлшерден жоғары жалақы төлеу туралы өз бетінше шешім қабылдаған. Кейін компания бұл соманы төлеу қиынға соғып, әкімдікке жүгінген.

- 2025 жылы әріптестеріміз тиісті хаттаманы жасап, 500 мың теңгені 531 мың теңгеге көбейтті. Бұл жүргізушілерге сезілмейді. Себебі, бұл жалақыны олар 2024 жылдың қыркүйегінен бері алып келе жатыр. Ал автопарк келіп өзінің шешімі бойынша жасап отырған төлемін енді әрі қарай жасай алмаймыз деген мәселе туындап отыр. Бұл мәселені қазір зерделеп жатырмыз, - деді қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов. 

Ал автопарк өкілдері әкімдіктің бұл пікірімен келіспейді. AtyrauAvtopark ЖШС заңгері Арсен Қанатовтың айтуынша, комиссия субсидиялау ережелерін толық ескермей отыр. Биыл әкімдік жүргізушілердің жалақысын 531 мың теңге деңгейінде бекітуді ұсынған. Алайда компанияның мәліметінше, статистикалық деректер бойынша бұл кезеңде еңбекақы мөлшері 715 мың теңге болуы тиіс.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Жолаушылар тасымалымен айналысатын мекеме статистикалық деректерді негізге алып, комиссия шешімімен келіспейтінін айтып, бірнеше рет сотқа арызданған. Сот шешімімен екі ортадағы айырмашылықты өздеріне өндіріп отырған. Өткен жылдың желтоқсан айында сот әкімдікке тасымалдаушы компанияға 241 млн теңге төлеуді міндеттеген. Автопарк өкілі әлі бұл қаржының төленбегенін айтып отыр. Қазір компания қаржылық жағдайдың күрделенуіне байланысты жүргізушілерге бұрынғыдай жоғары жалақы төлей алмайтындықтан қалалық әкімдіктің комиссиясының шешіміне сәйкес айлық төлеуді жөн көріп отыр. 

- Қайта-қайта соттаспау үшін жалақыны 531 теңгеге төмендедіп отырмыз. Алайда статистикалық департаменттің мәліметінше, қазіргі кезеңге 715 мың теңге төленуі керек. Бұл бойынша көлік министрлігінен де, статистика бюросынан да жауап алдық. Тарифтік комиссия біздің берген құжаттарымызды қабылдамай 531 мың теңге болуы керек деп шешім шығарып отыр, - деді AtyrauAvtopark ЖШС заңгері Арсен Қанатов.

Автопарк басшылығы тариф мәселесін шешу үшін сотқа жүгінгенін мәлімдеді.

Бұған дейін Атырауда қоғамдық көліктерді субсидиялауға шамамен 11 млрд теңге керектігін жазған едік.