Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қоғамдық бірлестік төрағасы жала жапқаны үшін кінәлі деп танылған.
«️Қоғамдық бірлестік төрағасы «Facebook» әлеуметтік желісінде Қызылқоға ауданының әкіміне қатысты жазба және аудио-бейнежазба жариялаған. ️Белсенді мемлекеттік бағдарламасымен тұрғын үй, автожолдар, көпір және басқа да әлеуметтік нысандар, сондай-ақ, осы үшін бөлінген 40 млн теңге бойынша тұрғын үйлер құрылысы туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтерді жариялаған. Оны теріске шығару мақсатында әкім құқық қорғау органдарына жүгініп, өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне және беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтердің таралғанын көрсетті», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Құқық бұзушының кінәсі жәбірленушінің арызымен, іске қатысушылардың түсініктерімен, полиция қызметкерінің баянатымен, әлеуметтік желіде жарияланған жазбалар және аудио-бейнежазбалармен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сараптама қорытындысымен және басқа да іс материалдарымен дәлелденді.
«Мақат аудандық сотының қаулысымен қоғамдық бірлестік төрағасы ҚР ️кімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Ол 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. ️Іс құқық бұзушының адвокаттарының апелляциялық шағымдарымен апелляцияда қайта қаралды. Олар сот қаулысымен келіспей, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі тоқтатуды сұрады. Апелляция құқық бұзушылықтың сипатын, құқық бұзушының жеке басын, бұрынғы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша әкімшілік айыппұлдың төленгенін, оның отбасы жағдайын ескерді. Оған әкімшілік айыппұл түріндегі баламалы жазаны қолданды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сот қаулысы өзгертіліп, қоғамдық бірлестік төрағасына 664 мың 560 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 18 жастағы тұрғын діни алауыздыққа шақыратын кітаптар таратқанын жазған едік.