Атырауда «Ақжайық» резерватындағы қамыс өрті 10 күннен бері сөнбей тұр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырау облысында «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өртінің тұтанғанына 10 күн болды. Өрт әлі бықсып жатыр.
Атырау облыстық төтенше жағдайдар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, резерватта жалын шарпыған аумақ 1 500 гектардан асқан.
– «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерват аумағындағы қамыс өрті әлі бықсып жатыр. Қазір өрт ошағын сөндіруге 122 адам, 16 техника жұмылдырылды. Оның ішінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 32 өрт сөндіруші, 8 техника, резерваттан 20 адам, 7 техника, жергілікті атқарушы орган мен орман шаруашылығынан 11 адам, 1 техника, «АрнайыАвтобаза» ЖШС-дан 59 адам бар, -деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.
Бүгін бықсып жатқан қамыс өртіне су шашуға тікұшақ тартылмаған. Алайда, 13 маусымнан бері тікұшақтың арнайы құрылғысымен 480 тонна су төгілген.
Еске сала кетелік, бұған дейін «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртке адам факторының әсері болуы мүмкін екенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ, «Ақжайық» резерватындағы өртті сөндіруге тағы бір тікұшақ тартылды.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қамыс өртіне байланысты төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ екенін айтты.
Ал кеше Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі бықсып жатқанын жазған болатынбыз.