Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақты ма – облыс әкімдігінде арнайы жиын өтті

Фото: Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 2,2 пайызға өскен. Тауарды дүкен сөресіне жеткізетін делдардар үстеме бағаны 15 пайыздан асырып жіберген, деп хабарлайды Kazinform.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Полымбет Хасанов жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2,2%-ға өскенін мәлім етті.

«Тауар өндіруші мен соңғы дүкен сөрелеріне жеткенге дейінгі арадағы үстеме бағаны 15 пайыздан асырған тиімсіз делдалдар бар. Маусымаралық кезеңде импорттық тауарлардың бағасының көтерілуінен сегіз тауардың бағасында өсім байқалады. Жергілікті тауар өндіруші шаруа қожалықтарының иелерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен, жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 284 меморандумға қол қойылды. Ал азық-түлік бағасын 15 пайыздан асыра тасымалдаған 19 кәсіпкерлік субъектісіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 204-4 бабына сәйкес, әкімшілік хаттамалар толтырылды», -деп хабарлады Полымбет Хасанов.

Ал, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Данияр Тахановтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау үшін жергілікті сауда нүктелерімен 10 келісім-шарт жасалған.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

«Атырау облысының тұрақтандыру қорын толықтыру үшін 2020-2022 жылдары аралығында 3,1 млрд теңге бөлінді. Жалпы сомасы 968 млн теңгеге әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 18 түрін сатуға 2 сауда желісімен 3 келісімшарт жасалды. Сату бағасы нарықтық бағадан 10 пайызға төмен. Мұндай азық-түліктер 38 сауда нүктесінде сатылады. Мәселен, Атырау қаласында 32, Жылыой мен Қызылқоға ауданында 2, Мақат пен Индер ауданында 1 сауда нүктесі бар. Тауарлардың бағасына апта сайын тексеру жүргізіп отырмыз», -деді Данияр Таханов.

Алайда, облыс әкімі аппаратының испекторлары жүргізген талдау нәтижесіне қарағанда, үй жанындағы дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы қымбат екені анықталған.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, сала басшылары әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыра алмай отыр. Азық-түлік тауарларына баға белгілеу тізбегіна қатысты делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Үстеме бағаны 15%-дан артық қосатын делдалдарды жауапкершілікке тарту керек. Осы кезге дейін жасалған әр меморандумның орындалуын тексерген жөн.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

«Біздің басты міндетіміз – азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңында инфляция деңгейін 10%-дан аспайтын дәлізде ұстап тұру туралы тапсырма берді. Бағаны өсірмеу туралы жасалған меморандумдарда бәрі керемет. Ал оның талабы қаншалықты орындалып отыр? Осыны тексерген жөн. Атырау қаласындағы, аудандардағы негізгі сауда нүктелерінде баға бірдей болуы керек. Ірі супермаркеттерде азық-түлік төмен бағамен сатылып жатыр. Бірақ, тұрғындар арзан азық-түлікті іздеп жүрмейді. Үй маңындағы дүкендерден сатып алады. Мұнда тауар бағасына екі есе қосылып отыр», -деді Серік Шәпкенов.