Атырауда алғаш рет 14 жасар қызға бет-жақ трансплантациясы жасалды

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық балалар ауруханасында 14 жасар қызға бет-жақ трансплантациясы жасалды. Жергілікті дәрігерлер жамбастан алынған сүйекті жақ бөлігіне салған.

Облыстық балалар ауруханасының хирургі Аянбек Мыңбаевтың айтуынша, бұл – күрделі әрі алғашқы ота.

Жасөспірімнің бетінде ісік пайда болған. Кейін ол стоматолог пен аллергологке жүгінген. Арнайы диагностикалық тексеру кезінде сол жақ бетінен киста анықталып, облыстық балалар ауруханасына жіберілген.

«Ауруханада бұрын мұндай ота жасалған жоқ еді. Әріптесім – травматолог Жандос Бегманов екеуміз оқушының бетіне тыртық қалдырмай, бет-жақ трансплантациясын ауыз қуысы арқылы жүргіздік. Бұл үшін пациенттің жамбасынан 3-3,5 см сүйек алынып, жақ бөлігіне салынды. Ота үш сағатқа созылды. Қазір жасөспірім дәрігерлердің бақылауына алынды. Оның жағдайы бірқалыпты, жағдайы жақсы. Алаңдайтын ештеңе жоқ», -деді Аянбек Мыңбаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері өмірге келген 10,5 мың сәбидің 482-сі шала туғанын хабарлаған болатынбыз.