Атырауда қоқыс шығару қызметіне қарыз 90 млн теңгеге жуықтады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау тұрғындарының қоқыс шығару қызметі үшін «Арнаулы автобаза» ЖШС алдындағы берешегі 90 млн теңгеге жуықтады. Кәсіпорын мәліметінше, борышкерлерге алдымен ескерту жасалады. Ал берешек белгіленген мерзімде өтелмесе, оны өндіріп алу үшін іс жеке сот орындаушыларына жолданады.

Фото: Атырау облыстық экология департаменті

Кәсіпорынның мәліметінше, тұрғындар арасында құрылыс және ірі көлемді қалдықтарды арнайы полигондарға апармай, көпқабатты үйлердің маңындағы контейнерлерге тастау деректері кездеседі. Сондай-ақ қоқыс шығару қызметінің ақысын уақытында төлемейтіндер де бар. «Арнаулы автобаза» ЖШС абоненттік бөлімінің басшысы Ғалия Есқалиеваның айтуынша, алдымен борышкерлерге ескерту жасалады.

– Қызметкерлер күн сайын тұрғындармен байланысып, телефон арқылы хабарласады, ескерту жасап, тиісті құжаттарды жолдайды. Егер белгіленген мерзімде төлем жасалмаса, материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке сот орындаушыларына беріледі, – деді ол.

Кәсіпорын мәліметіне сәйкес, тәулігіне орта есеппен 200-300 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Жаз мезгілінде бұл көлем 600 тоннаға дейін ұлғаяды. Оның шамамен 200 тоннасы полигонда көміледі, 100 тоннасы қоқыс сұрыптау кешеніне жеткізіледі. Ал сұрыпталған қалдықтың 6 пайызы ғана қайта өңделеді.

Қазір қалада 25 қоқыс таситын арнайы техника жұмыс істейді. Биыл автопарк JAC маркалы 7 жаңа көлікпен толықтырылған. Жалпы шаһар ішінде 5600 қоқыс контейнері орнатылған.

Бұған дейін өңірде заңсыз қоқыс үйінділері үшін 7 әкім жауапқа тартылғанын жазған едік.