Атырауда ауаны ластайтын қалдықтардың басым бөлігі 4 компанияның үлесіне тиесілі
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда ауаны ластайтын қалдықтар 4 компанияға тиесілі. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, Атырау облысы – еліміздегі экологиялық қолайсыз өңірлердің бірі. Қазір облыс бойынша ауаны ластайтын шығарындылардың жалпы көлемі 108 мың тоннаны құрайды.
«Қалдықтардың 85 пайызы кәсіпорындардың үлесінде. Негізгі үлесті мұнай-газ секторындағы «Теңізшевройл», «NCOC», Атырау мұнай өңдеу зауыты секілді компаниялар мен «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ құрап отыр. Қазір аталған кәсіпорындар шығаратын зиянды қалдықтарын бақылау мақсатында мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін «Атырау мұнай өңдеу зауыты» мен «Атырау жылу-электр орталығы» аталған жүйені енгізді. Ал, «NCOC N.V.» филиалы, «Теңізшевройл» және «KPI» ЖШС осындай жүйені енгізуді қолға алды. Бұл компаниялардың дерегі министрлікке беріледі», - деді Мансұр Ошурбаев.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жер қойнауын пайдаланушыға 12,2 млрд теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.