Атырауда авиация мамандары өңірде болатын өрттерге қарсы қолдану үшін дрон жасап жатыр
АТЫРАУ.KAZINFORM - Атырауда авиация саласының мамандары Әмір Мейрамғалиев пен Нұрсұлтан Тұрсынов ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастырып жатыр. Басты мақсат – жобаны өнеркәсіп пен қауіпсіздік саласында тиімді пайдалану.
Өнертапқыштар бұл жұмысты бір жыл бұрын қолға алған. Бірінші прототипін жасауға 1270 сағат кеткен.
Әмір Мейрамғалиев пен Нұрсұлтан Тұрсыновтың айтуынша, ұшқышсыз ұшу аппараттары өнеркәсіп саласының дамуына және төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі бағыты – технологияны бейбіт мақсатта қолдану, атап айтқанда газ және мұнай құбырларын бақылау мен өрт ошақтарын ерте анықтау. Экологиялық ахуалы күрделі Атырау өңірінде қамыс өрті жиі тіркелетіндіктен, мұндай құрылғылардың маңызы зор.
Алғашқы дрон қолданыстағы үлгі негізінде жасалып, кейін бірнеше рет өзгертілді. Екінші нұсқада артқы бөлігі, басқару жүйелері, моторы және бейнетарату сапасы жақсарған. Қазір үшінші нұсқасы жасалып жатыр. Дрон қанатының ұзындығы 20 сантиметрге ұзарады. Нәтижесіне қуатты аккумулятор мен мотор орнатуға мүмкіндік туады. Қазір жоба даму мен сынақ үстінде.
- Теңіз аумағындағы қамыс өртін ерте анықтап, координаторы туралы мәліметті ТЖД жедел жіберуге болады. Сондай-ақ мұнай-газ құбырының жұмысын бақылауға мүмкіндігі бар. Тіпті біздің дрон арқылы белгілі бір мекенжайға дәрі-дәрмек жеткізуге болады. Жобаның өзіне тән ерекшелігі мен қолдану саласы бар. Қойылған мақсатқа байланысты параметрлері өзгереді. Жұмыс істеу арақашықтығы немесе радиусы ауа райына байланысты болады,- деді инженер-жобалаушы Әмір Мейрамғалиев.
Олардың бірінші ұшқышсыз ұшу аппараты пластиктен жасалған. Кейін оның Атыраудың желіне шыдас беруі қиын екені белгілі болғаннан соң шыны талшық (стекловолокно) пен пластикті өңдеп жасауға көшкен. Мамандар ұшқышсыз ұшу аппаратын жасау кезінде тек отандық өнімді қолдануды, ішкі нарықты Қазақстанда жасалған ұшу аппараттарымен қамтып, саланы дамытуды міндет етіп отыр.
- Қазір мультироторлы дронның үлкенін жасап жатырмыз. Карбоннан жасалған, өте мықты және жеңіл. Қазір қалаларда 15-18 қабатты үйлер салынып жатыр. Мұндай биіктікке көтерілу өрт сөндірушілерге қиын соғады. Басқа елдер осындай үлкен дрондарға астына су құбырын қойып қолдануда. Яғни, дрон арқылы биікте орналасқан пәтердегі өртті өшіруге болады, - деді авиадиспетчер Нұрсұлтан Тұрсынов.
Конструктор-инженер, әрі механик болып әмбебап еңбек ететін талантты өнер табыс иелері бұл жобаны өз қаржылары негізінде іске асыруда.
Осыған дейін алматылық жас ғалымдардың «Taza Qala» платформасын іске қосқанын жазған едік.