Атырауда әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: Фото: polisia.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау полицейлері әйелдің өліміне қатысты қылмыстық істі тергеуді бастады.

Бүгін телеграм арналарында Атырау қаласындағы элиталық тұрғын үй кешенінде әйелдің мүрдесі табылғанын хабарлады.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

— Адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір кешенді тергеу амалдары басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Әзірге күдіктінің ұсталғаны, не ұсталмағаны белгісіз.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бет-әлпетті танитын камерамен халықаралық іздеуде жүрген 2 адам анықталғанын хабарлаған болатынбыз.