Атырауда азаматтық некедегі әйелін өлтірмек болған күдікті ұсталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда азаматтық некеде тұрғын бұрынғы әйелін өлтіруге оқталған күдікті Ақтау қаласынан ұсталды.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктінің Ақтау қаласына барғаны анықталған.
«Полиция қызметкерлерінің кешенді жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде 9 маусым күні Атырау қаласындағы көпқабатты үйдің дәлізінде 1991 жылғы әйелді өлтіруге оқталған күдікті Ақтау қаласына кетіп қалғаны анықталды. Күдікті ұсталды. Оның жасы – 29-да. Қазір оған қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау полициясы азаматтық некедегі әйелін өлтіруге оқталған ер адамды іздеп жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Атырауда ер адамнан зәбір көріп, ауруханаға түскен әйелдің жағдайы ауыр екенін хабарлаған едік.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жәбірленуші мойыны мен иығынан жарақат алған. Қазір науқас аурухананың нейрохирургия бөлімшесінде ем алып жатыр. Оның жағдайы тұрақты, бірақ, ауыр. Бір жақ қолы мен аяғында әлсіздік бар.