Атырауда азық-түлік бағасын шектен тыс көтерген 42 кәсіпкер айыппұл арқалады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген мөлшерден жоғары бағамен сатқан 42 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы 692 мың теңге айыппұл салынған.

Фото: Kazinform

Жыл басынан бері Атырау облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда саласында 121 мемлекеттік бақылау жүргізген. Нәтижесінде бюджетке 1 млн 967 мың теңге өндірілді.

Сонымен қатар тауар бағасын теңгемен көрсетпеген 79 кәсіпкер жауапкершілікке тартылып, оларға 1 млн 275 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Бақылау сауда желілерін, базарлар мен үй маңындағы дүкендерді қамтиды. Мониторинг барысында бағаның өзгеруіне әсер ететін факторлар, оның ішінде маусымдық сұраныс, нарықтағы ұсыныс көлемі және өндірістік-логистикалық шығындар талданады, -деді Атырау облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Самат Емберген.

Жалпы тоғыз айда департаментке 2 635 өтініш түскен. Оның 961-і бөлшек саудаға, 611-і электрондық саудаға, 135-і туризм қызметтеріне қатысты.

Өтініштердің 59 пайызы қанағаттандырылған. Ал 570 өтініш бойынша азаматтарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп, 308 арыз құзырлы мемлекеттік органдарға жолданды.

Сондай-ақ жыл басынан бері департамент 31 тексеру жүргізді. Оның 19-ы жоспардан тыс тексеру, 12-сі профилактикалық бақылау. Нәтижесінде 13 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы 1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

«Сапалы өнім» жобасы аясында қоғамдық ұйымдар зертханалық сараптамаға 126 түрлі өнім жолдаған. Зерттеу нәтижесінде барлық өнімнен заңбұзушылық анықталды. Оның 118-інде таңбалауға қатысты, 12-сінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бойынша кемшілік тіркелді.

Бұған дейін сүрленген ет сатамын деп 31 адамды алдаған кәсіпкер сотталғанын жазған едік.