Атырауда бекіре уылдырығын заңсыз тасымалдаған тұрғын ұсталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 34 жастағы әйелден бекіренің 2 келіден астам қара уылдырығы табылды.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бағалы балық түрлері мен қара уылдырықты заңсыз тасымалдауға тыйым салынған.
– Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Бекіре – 2025» профилактикалық іс-шарасы кезінде бекіре тұқымдас балықтың қара уылдырығын заңсыз тасымалдаған әйелді анықтады. 1991 жылғы азаматша Атырау қаласындағы қонақүйлердің бірінің маңында ұсталды. Полиция қызметкерлері әйелдің қолындағы қара полиэтилен пакеттен 4 пластикалық ыдысқа салынған бекіре тұқымдас балықтың қара уылдырығы табылды. Қара уылдырықтың салмағы – 2 келі 6 грамм, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Тәркіленген қара уылдырыққа сот-биологиялық және тауартану сараптамалары тағайындалды.
– Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша, жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында «Бекіре – 2025» акциясы басталған 1 сәуірден бері 311 келі бекіре тәркіленгенін жазған едік.