Атырауда белгісіз себептен ірі қара өліп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласына қарасты Кеңөзек ауылдық округінде соңғы айларда 20-дан астам ірі қара қырылған. Шаруалар малдың неден өлгенін анықтауды сұрап отыр. Ал ветеринар мамандардың алғашқы зертханалық тексеруінен қауіпті аурулар анықталмаған.

Фото: әлеуметтік желіден

Шаруалардың айтуынша, мал шығыны соңғы айларда көбейген. Қалыбек Жиенбаевтың қожалығында биыл 19 ірі қара өлген. Шаруа жалпы шығынын 8 млн теңге деп бағалап отыр.

— Ең бастысы — малдың неден ауырып жатқанын анықтау. Өрістен келіп немесе қорада жатқан жерінде өліп жатыр. Жалғыз менің қожалығым емес, басқа шаруалар да осындай мәселеге тап болып жатыр, — деді Қалыбек Жиенбаев.

Фото: әлеуметтік желіден

Кеңөзек ауылдық округінің әкімі Эдуард Оспановтың айтуынша, ірі қарадан ауру белгілері де, қауіпті індетке тән жағдай да анықталмаған өлген малдардың өлекселері санитарлық талаптарға сай жойылып, мал тұрған орындар залалсыздандырылған. Ветеринар мамандар ірі қарадан қан және патологиялық материалдар алып, облыстық ветеринариялық зертханаға жіберген. Сонымен қатар су мен шөптен де сынама алынған.

Атырау қалалық ветеринариялық стансасының басшысы Ықылас Азаматовтың айтуынша, зертханалық тексерулерден ауруларға қатысты теріс нәтиже алынған.

Фото: әлеуметтік желіден

— Қан сынамаларын, патологиялық материалдарды алып, облыстық ветеринариялық зертханаға жібердік. Нәтижесінде ауруларға қатысты теріс нәтиже көрсетті. Қосымша су мен шөптен сынамалар алынды. Олардан да таза деген нәтиже шықты, — деді ветеринариялық станса басшысы.

Фото: әлеуметтік желіден

Шаруалар жауапты органдардан мал өлімінің себебін анықтап беруді сұрап отыр. Қырылған түлікке диагноз қойылмағандықтан ауырған малға қандай ем қолдану керегін де білмейді. Бүгінде шаруалар мал өлімінің себебін анықтау үшін қосымша зерттеу жүргізуді сұрап отыр.

Ал патологиялық сынамаларды Астана немесе Алматы қалаларындағы ветеринариялық орталықтарға жіберу мәселесі әзірге қаралмаған.

Бұған дейін Түркістан облысында 19 мың басқа арналған мал биржасы салынып жатқанын жазған едік.