Атырауда бомбапанадан видео жарияланды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облыстық ТЖД қаладағы бір бомбапананың жұмысы мен қызметін баяндайтын бейнеролик дайындады. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, бұл қорғаныс құралында 5 негізгі кіреберіс бар. Азық түлік пен қосымша заттарды жеткізуге арналған лифт, тіркеу бекеттері қарастырылған.
Бомбапаналағыштың ішінде сүзгі жеңілдету жүйесі жүргізілген. Ол бірнеше режимде жұмыс істейді:
- артық ауа қысымын жасау арқылы желдету режиміне сыртқа ауаны көміртек тотығынан тазартау;
- сырттағы ауаны улағыш әскери заттардан және радиоактивті шаңдардан тазарту;
Қорғаныс құрылысы орталық жылу жүйесіне қосылған. Паналағыштың ішінде ауа температурасы көтерілген жағдайда үш салқындатқыш жұмыс істейді. Бұл процес басқару панелі арқылы іске асады.
Қорғаныс құрылысының артықшылығы — ауа клапандарын қолмен ауыстыру қажеттілігінің болмауы. Желдету режимі таңдалған кезде клапандар автоматты түрде ауысып, ашылып-жабылады.
Нысан ток көзімен қамтамасыз етілген. Азық-түлікке арналған бөлме, су сақтайтын резеруарлар бар.
Аталған қосалқы басқару пункті 2015 жылы салынғанын айта кетейік.
Атырау облыстық ТЖД өңірде қанша бомбапананың барын және олардың жай-күйі туралы мәлімет бермеді.
— Қорғаныш құрылыстары адамдарды төтенше жағдайлар кезінде — авариялар, өрттер, техногендік апаттар, сондай-ақ әскери қатер төнген жағдайда — паналатып, олардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін қажет. Олар қауіпті факторлардың әсерін азайтып, көмек көрсету мен одан арғы шараларды қабылдауға уақыт береді. Қорғаныш құрылыстары олар орналасқан ғимараттар мен ұйымдардың меншік иелерінің қаражаты есебінен ұсталады. Егер қорғаныш құрылысы мемлекеттік немесе коммуналдық меншікке жатса, оны ұстауға арналған шығындарды тиісті жергілікті атқарушы орган бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады, — деп мәлімдеді облыстық ТЖД.
Қорғаныш құрылыстары тек төтенше жағдай туындаған немесе оның қаупі болған кезде, сондай-ақ азаматтық қорғау бойынша оқу-жаттығулар мен жаттығулар барысында пайдаланылады.
— Қорғаныш құрылыстарының жай-күйіне, дайындық деңгейіне және оларды пайдалануға бақылауды иелері жүзеге асырады. Ал Төтенше жағдайлар департаменті өз кезегінде мемлекеттік бақылау жүргізеді, тексерулер ұйымдастырады, әдістемелік сүйемелдеу көрсетеді және анықталған бұзушылықтар бойынша нұсқамалар береді, — деп хабарлады облыстық ТЖД.
Айта кетейік, осындай бомбапаналағыштар туралы көп ақпарат құпия сақталады.
Біз осыған дейін жекенің қолындағы бомбапаналардың жай-күйі қалай екені туралы жаздық.