Бұл жағдай туралы белсенді Сандуғаш Кукенова әлеуметтік желісінде жариялады.
Өтініште көрсетілген схема бойынша, адам алдымен өз атына несие немесе бөліп төлеу рәсімдеген. Одан кейін ақша жеке кәсіпкердің немесе компанияның есепшотына аударылып, құжат жүзінде тауар сатып алуға не жөндеу жұмысына төленгендей көрсетілген. Азаматқа ақшаның бір бөлігі бонус ретінде беріліп, қалған несиенің қалған сомасын бір айдан кейін өтеп беру уәде етілген. Алайда несиелер жабылмай қалған.
Алданып қалғандардың болжамынша, бұл жүйеге 500–800 адам тартылған болуы мүмкін. Қазір зардап шеккендердің нақты саны мен жалпы шығын көлемі белгісіз.
Ұжымдық өтініш авторлары қаражат кәсіпкерлердің есепшоттары арқылы қалай қозғалғанын, ақшаның түпкілікті алушылары кім болғанын және делдалдардың әрқайсысы қандай рөл атқарғанын тексеруді сұрайды. Сонымен қатар кейбір делдалдар жәбірленушілерді полицияға арыз бермеуге немесе бұрынғы арыздарын қайтарып алуға үгіттегені туралы мәліметтерді де тексеруді талап етеді.
Атырау облыстық ПД бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
— Аталған дерек бойынша алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Астанада маркетплейс жүргізу бойынша оқыту қызметін ұсынып, алаяқтық жасаған әйел сотталғанын жаздық.