Жаңа балабақшаның бірі – Атырау қаласына іргелес орналасқан Ақжар-2 елді мекенінде орналасқан «Ақжелкен». Ал, «Болашақ» және «Бәйтерек» балабақшалары мұнайлы шаһардың А.Байтұрсынов пен Белинский көшесінде ашылды. Әр балабақша 290 орынға арналған.
«Мемлекетіміздің басты ұстанымы – балаларға сапалы білім, саналы тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау. Президенттің балабақша мен мектептердің санын көбейту жөніндегі тапсырмасына орай облыстағы балабақша санын көбейтіп жатырмыз. Алдағы бес жылда 2-6 жастағы балалар үшін 8 мыңға жуық орны бар бөбекжайлар салуды жоспарлап отырмыз. Балаларға сапалы білім мен ұлттық тәрбие беретін осындай жобалар ары қарай да жалғасады», -деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Балабақшалардағы асхана, жатын бөлме, ойын, логопед және психолог, педагогтер бөлмелері, спорт залы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Асханадағы тағамдар санитарлық талапқа сай тоңазытқыштарда сақталады. Ал дәрігер бөлмесінде балаларға алғашқы көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектің бәрі бар.
Әр балабақшада 26 адам жұмыс істейді. Ал, балалар 12 топ ашылған. Онда балалар кіші және үлкен топтарға бөлінеді.
«Осы кезге дейін мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында 870 орындық үш балабақша ашылды. Жыл аяғына дейін тағы да 890 баланы қамтитын үш балабақша ашылып, қажеттілік 15,2 пайызға азаяды», -деді Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсары қаласында үш жыл салынған 75 орындық аурухана ашылғанын жазған болатынбыз.