Атыраудағы ретро-саябақ 2017 жылы қаланың 377 жылдығына орай ашылған. Демалыс орнының жобасында амфитеатр, 90 орындық дәмхана, көрме павильоны, әуенмен және түрлі түсті жарықпен көмкерілген субұрқақ, жасанды тоған секілді нысандар қарастырылған. Саябақ ашылған кезде оның аумағына жүздеген тал егілген. Жасыл желек көбейіп, бірнеше жылдан кейін ботаникалық баққа ұқсайтын демалыс орны болады деген жоспар болған.
Алайда жылдар өте келе саябақтағы бірқатар нысан істен шығып, бастапқы келбеті өзгерді. Соның бірі – жасанды тоған мен субұрқақ. Жоба бойынша ол түрлі түсті жарықпен безендіріліп, әуен ырғағымен жұмыс істеуі керек болған. Қазір бұл аумақта субұрқақтың орны ғана қалған.
Ретро саябақты күтіп ұстау алғашында қалалық әкімдік жанынан құрылған коммуналдық кәсіпорынға жүктелген еді. Кейін нысан сенімгерлік басқаруға берілді. Алайда әкімдік пен кәсіпкер арасындағы келісім бұзылып, 2022 жылдан бері саябақ қалалық ТҮКШ және тұрғын үй бөлімінің балансында.
3 жыл бұрын саябақтағы субұрқақты қалпына келтіруді жоспарлаған. Ол үшін 21 млн теңге қарастырылатынын айтқан. Алайда жоспарланған жұмыс жүзеге аспай қалды.
Енді биыл саябақты қайта жаңғырту көзделіп отыр. Жоба аясында төсемтастар мен жарық шамдары ауыстырылып, көгал төселеді. Сондай-ақ жасанды тоғандар қайта жаңғыртылады.
- Осы жұмыс бойынша бөлім қалалық мәслихатқа тиісті бюджеттік өтінім жолдады. Тиісті қаражат көзінің бөлінуіне қарай жеңімпаз мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу порталына ашық электронды конкурс жарияланып, жеңімпаз анықталғаннан кейін жұмыс жүргізілетін болады, – деді Атырау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Мәулен Саламатов.
Мамандардың мәліметінше, саябақтағы көгал жабындысының жалпы аумағы 16,5 мың шаршы метр. Оның 9 мың шаршы метріне газон өсірілген.
Еске салайық, Нұрсая ықшамауданында салынуы тиіс 4,8 млрд теңгелік саябақтың құрылысы жобаға енгізілген түзетулерге байланысты тоқтап тұр.