500 шаршы метр аумақ: Атырауда «Дина» сауда орталығындағы өрт сөндірілді

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір өрт толықтай сөндірілді. Ауқымды өртті сөндіруге 12 техника, 76 өрт сөндіру қызметкері жұмылдырылды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Атырау облысы ТЖД ӨСжАҚЖҰБ бастығының орынбасары Нұрлыбек Қатаповтың сөзінше, өрттен зардап шеккендер жоқ.

— Бүгін сағат 04:07–де Атырау қаласы Бейбарыс даңғылы 1 мекенжайында орналасқан «Дина» сауда орталығы аумағында түтін шығып жатқаны жөнінде хабарлама түсті. Шақыртуға төтенше жағдай департаментінің жоғарғы екінші рангы бойынша күш-құралдары жіберілді. Келіп жеткенде «Дина» сауда орталығындағы 13, 16-блоктардың жалпы ауданы 600 ш. м. болатын соның ішінде 500 ш. м. бөлігінің, яғни киім-кешектер мен аяқ киімдердің толықтай өртенуі анықталды. Өрт сағат 06:15–те толықтай жойылды. Жалпы 12 техника, 76 өрт сөндіру қызметкері қызыл жалынды ауыздықтауға атсалысты. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ, — деді Нұрлыбек Қатапов.

Бұдан бұрын Атырау қаласындағы базар аумағында өрт шығып, Оқиға орнында жедел штаб құрылып, 4 учаске бойынша жұмыс жүргізілгенін жазған едік.