Атырауда домбыра пішіндес концерт залының құрылысы басталады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Биыл Атырау қаласында 2 мың орындық концерт залы мен тарихи-өлкетану мұражайының құрылысы басталады. Домбыра пішіндес жаңа нысан үшін құрылысы аяқталмай қалған концерт залының нысаны бұзылады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына қарағанда, қазір құрылыс нысанының жобалау-сметалық құжаттамасын жасау қолға алынған.
«Атырау қаласында құрылысы тоқтап тұрған концерт залының ғимаратын бұзу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жаңа концерт залы бұзылған ғимараттың орнына салынады. Құрылыстың бас жобалаушысы – «Engeneering Center ltd» ЖШС компаниясы. Жаңа нысан үшін 5,1 гектар жер телімі бөлінді. Нысанның жалпы аумағы 34 мың 618 шаршы метр. Жобалауды 2024 жылдың үшінші тоқсанында, құрылыс жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарланды», - деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа нысанның алдынғы қасбеті домбыра пішіндес болады. Ғимараттың екі қабатында да концерт залы қарастырылған. Оның бірі – 1200 орындық. Сондай-ақ, мұражай фойесі мен экспозициясын, хореография және музыкалық студиялар ашу жоспарланған. Қала көрінісін тамашалау үшін шолу лифтісі орнатылады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда кәсіпкерлер үшін құқықтық алгоритм әзірленетінін жазған едік.