«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған шара кезінде Жайық өзенінің жағалауы мен бірқатар елді мекеннің аумағы тазартылды. Сенбілікке қатысқан облыс әкімі Болат Ақшолақов тал егіп, тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.
– «Таза Қазақстан» – жай ғана науқан емес. Бұл – қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды күнделікті дағдыға айналдыруға бағытталған жалпыұлттық бастама. Біздің мақсатымыз – айналаны тазарту ғана емес, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, – деді облыс әкімі.
Тазалық жұмыстары Атырау қаласының Көктем, Қайыршақты, Еркінқала және Жұмыскер елді мекендеріндегі Жайық өзенінің жағалауларында жүргізілді. Сонымен қатар облыстың барлық ауданында сенбіліктер ұйымдастырылды.
Экологиялық акция аясында өңірді көгалдандыруға да көңіл бөлінді. «Самал» шағынауданындағы Д.Нысанғалиұлы көшесінде 300 атыраулық ағаш отырғызуға атсалысты.
Бұдан бөлек, алты ауылдық округте 600-ге жуық ағаш егілді.