Кеңөзек ауылдық округіне қарасты Қайнар ықшамауданында бас-аяғы 400 отбасы жер алған. Тұрғындардың айтуынша, жер телімдері кезекпен берілген кезде оларға инженерлік инфрақұрылым тартылатыны айтылған. Құрғақ уәдеге сенген тұрғындар жинаған қаржысына үй тұрғызуға кіріскен.
Алайда жаңа қонысқа көшкен жұрт жарық, ауыз су және газ мәселесімен бетпе-бет келіп отыр.
— 2025 жылы үйдің құрылысын аяқтап көшіп алдық. Қазір күніміз генераторға қарап қалды. 19 литрлік суды тасып, пайдалануға мәжбүрміз. Жарық мәселесі шешілмей жатыр. Үйді басынан-аяқ генератормен салдық. Алдымызда қыс келе жатыр. Бала-шағамды алып, пәтер жалдай алмаймын. Үш жылда салып бітіру үшін кезекпен алдық. «Ана ай, мына айда қосамыз» деп келеді, бірақ мәселеміз әлі күнге шешілген жоқ, — деді Қайнар ықшамауданының тұрғыны Абзал Досболов.
Бірі инженерлік желілер болмаса да үйлерін салып, көшіп алса, екіншілері құрылыс жұмысын аяқтай алмай отыр. Өйткені, шенеуніктердің «әне, мінесі» ұзаққа созылып кеткен.
— Бәріміз үйді салып қойдық. Енді терезе-есік салайық десек, қауіп басым. Ұрлық болуы ықтимал. Жерді әкімдік берген кезде барлық коммуникациялық желі жүргізілгенін айтты, — деді тұрғын Анарбек Қалиев.
Ал қалалық құрылыс бөлімінің өкілі жұмыстың кешеуілдеуін құжаттардың рәсімделуімен түсіндірді.
— Қайнар ықшамауданы бойынша қазір инженерлік-инфрақұрылымдық құжаттары жасақталып жатыр. Тұрақты жер құжаттары мен техникалық паспорттар болады. Желілердің толық құжаты жасақталған соң коммуналдық мекемелерге тапсырылады. Оны бір ай көлемінде жауапты компанияларға береміз. Жалпы бұл жұмыс жер құжаттарына байланысты тұрып қалды, — деді Атырау қалалық құрылыс бөлімі өндірістік техника секторының бас маманы Ринат Әлімов.
Әкімдік өкілдері инженерлік желілерді тарту жұмысы толық аяқталғанын айтып, қосу жұмысы қысқа дейін істелетінін айтты.
Айта кетейік, бұл ықшамауданға тасжол салынбаған, көше жарығы жүргізілмеген.
Жалпы Атырау қаласында 144 мыңнан аса адам жер кезегінде тұр.
Бұған дейін Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин өз еркімен қызметінен кеткенін жазған едік.