Құрманғазы аудандық әкімдігінің мәліметінше, лотос гүлдейтін алқап қыркүйек айының соңына дейін келушілер үшін ашық болады. Фестивалді ұйымдастыруға бөлінген 191,9 млн теңгенің 131,9 млн теңгесі инфрақұрылымдық жобаларға, 60 млн теңгесі мәдени бағдарламаға қарастырылған.
Инфрақұрылым аясында ұзындығы 414 метр, ені 2 метр болатын понтон өткелі салынып, оның бойына көлемі 6х4 метр болатын тоғыз шолу алаңы орнатылады. Сондай-ақ қайық айлағы кеңейтіліп, аумақ толық жарықтандырылады. Бұдан бөлек генератор, полиция, төтенше жағдайлар қызметі мен медицина мамандарына арналған модульдік нысандар және санитарлық модульдер қойылады.
Аудан әкімдігі бұл нысандардың фестивалден кейін де ауылдық округтің теңгерімінде қалып, келесі жылдары да пайдаланылатынын атап өтті.
- Бөлінген қаржының негізгі бөлігі бір реттік шараға емес, ұзақ мерзімге қызмет ететін инфрақұрылымды дамытуға жұмсалып отыр. Салынатын нысандар ауылдық округтің теңгеріміне беріледі және алдағы уақытта да туристерге қызмет көрсетуде пайдаланылады. Бұл ауданның туристік әлеуетін дамытуға бағытталған инвестиция,– деп мәлімдеді аудан әкімдігі.
Әкімдік мәліметінше, былтыр лотос алқабын 40 мыңнан астам адам тамашалаған. Биыл келушілер санының артуы күтіліп отыр.
Фестиваль аясында 15-16 тамыз күндері концерт ұйымдастырылып, елімізге танымал әншілер өнер көрсетеді. 50 сауда павильоны мен 30 қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейді.
Қазақстанның Қызыл кітабына енген лотос Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің саласында шілде айының ортасынан бастап гүлдейді.
Жуықта гүлдің бұл түрі Атырау қаласындағы Перетаска өзегінде шыға бастағанын жазған едік.