Атырау облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, осы кезеңде экологиялық заңнаманың сақталуына қатысты 17 бақылау жүргізілді. Оның ішінде 5 профилактикалық бақылау, 7 жоспардан тыс тексеріс және 5 талапқа сәйкестігіне тексеріс бар.
Бақылау барысында экологиялық заңнама талаптарының 68 бұзушылығы анықталып, оларды жою туралы 17 нұсқама берілді. Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты 218 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 2 млрд 418,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 89,7 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді. Қалған айыппұлдар сот процестеріне байланысты өндіріп алу сатысында.
Ірі көлемде айыппұл арқалаған компаниялар тізімі:
• «Потенциал-Ойл» ЖШС — 1 млрд 448 млн теңге;
• «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС — 520,5 млн теңге;
• «Магистральды Су құбыры» ЖШС — 334,1 млн теңге;
• «Теңізшевройл» ЖШС — 53,7 млн теңге;
• «Светланд Ойл» ЖШС — 27,6 млн теңге.
Экология департаменті шаруашылық қызметті тоқтата тұру туралы сотқа үш материал жолдаған. Оның екеуі «InderTuzCompany» ЖШС-не, біреуі «Светланд Ойл» ЖШС-не қатысты. Сот шешімімен «InderTuzCompany» ЖШС бойынша бір материал қанағаттандырылып, қалғандары қаралып жатыр.
— Өңірде І санатқа жататын 82 кәсіпорын жұмыс істейді. Жарты жылда атмосфераға ластаушы заттардың нақты шығарындысы 58,8 мың тоннаны, төгінділер көлемі 8,8 мың тоннаны, көмілген қалдықтар көлемі 70,8 мың тоннаны, жиналған қалдықтар көлемі 107,6 мың тоннаны құрады, — деп мәлімдеді экология департаменті.
«Қазгидромет» мекемесінің автоматтандырылған станцияларының дерегіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында Атырау қаласында атмосфералық ауаның күкіртсутегімен жоғары ластануының 25 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есе аз (2025 жылы — 89 жағдай). Осы кезеңде экология департаменті атмосфералық ауаға 59 сынама алып, олардың негізінде 239 зертханалық талдау жүргізген.
Осыған дейін Атырауда топырақты ластаған компанияға 4,3 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.