Атырауда экологиялық тексерісті парамен шешпек болған басшы 270 млн теңге айыппұл арқалады

АТЫРАУ.KAZPNFORM — Атырауда «Потенциал Ойл» ЖШС-нің бас директоры экологиялық тексеріс нәтижесіне ықпал ету үшін 15 млн теңге пара беруге оқталған. Бұл іске компания қызметкері мен бұған дейін мемлекеттік органдарда жұмыс істеген екі адам да тартылған. Істің хронологиясы Атырау қаласы № 2 сотында белгілі болды.

Фото: Kazinform\Freepik

Оқиға 2026 жылдың қаңтарында басталған. 2025 жылғы 31 желтоқсанда Атырау облысы бойынша Экология департаменті кәсіпорынға 2026 жылғы жоспарға сәйкес экологиялық тексеру жүргізілетіні туралы хабарлама жіберген.

Алғашқы кездесуде 10–15 млн пара беруді сұраған

2026 жылғы 14 қаңтарда «Потенциал Ойл» ЖШС бас директорының орынбасары Нұржан Жантурин жоспарланған тексеру туралы ақпарат алу үшін Экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есеновпен кездесуге ұсыныс жасаған.

Олар Атыраудағы қымбат мейрамханалардың бірінде кездескен. Жүздесуге Жантуринмен бірге компанияның бас директоры Габиден Карамолдин де барған. Сот үкімінде көрсетілгендей, әңгіме барысында Есенов компания есептерінде экологиялық кодекс талаптарының бұзылғанын және кәсіпорынға шамамен 650 млн теңге айыппұл салынуы мүмкін екенін айтқан.

Осыдан кейін Жантурин тексеру актісінде анықталған бұзушылықтарды көрсетпеуді сұраған. Сот үкіміндегі сипаттау бөлігіндегі ақпаратқа сүйенсек, осы кезде экология департаменті басшысының орынбасарында қызметтік өкілеттігіне кіретін мәселені оң шешкені үшін 10–15 млн теңге көлемінде пара алу ниеті туындап, ол бұл соманы Жантуриннен талап еткен. Алайда Жантурин нақты жауап бермеген.

Кейін Жантурин бұл әңгімені Карамолдинге жеткізген. Шамамен 15 қаңтарда компания экологы құжаттарды қайта тексеріп, Экология департаменті көрсеткен бұзушылықтардың негізді екенін растаған.

Есенов пара алудан бас тартқан

Осыдан кейін Карамолдин кәсіпорынға үлкен көлемде айыппұл салынуы мүмкін екенін ескеріп, Экология департаментінің лауазымды тұлғаларына пара беру туралы ойға келген. Ал Жантурин бұл мәселені Есеновпен өзі келіссөз жүргізіп шешуге тырысатынын айтқан.

16 қаңтар шамасында Есенов Жантуринді Экология департаментіне шақырып, тексеру кезінде басқа да кемшіліктер анықталуы мүмкін екенін айтқан. Тексерудің наурыз айына шегерілетінін жеткізген.

— Н.Жантурин аталған бұзушылықтар бойынша мәселені шешу мақсатында Е.Есеновтен осы жағдайдан шығу жолын табуға және көмек көрсетуге өтініш білдірген. Өз кезегінде, Е.Есенов өзінің пара алу түріндегі қылмыстық ойынан қайтпастан, талап еткен ақша қаражатын сұраған. Бұл ретте ЖШС-нің пайдасына әрекеттенген Н.Жантурин өз келісімін беріп, әрі қарай Е.Есенов оған экологиялық тексерістің басталуын күтуді сұрап, сол тексеріс кезінде хабарласып мәселе қаралатындығын жеткізген. Алайда, осы әңгімелесуден кейін Е.Есенов тергеумен анықталмаған белгісіз себептердің салдарынан, тікелей қасақаналықпен туындаған, пара алу түріндегі қылмыстық құқықбұзушылық ойын ақырына дейін жеткізуден өз еркімен, біржолата бас тартып, ЖШС-нің директорының орынбасары Н.Жантуриннің «WhatsApp» желісі арқылы қоңырауларына және жазған хабарламаларына жауап қайтаруды тоқтатқан, — делінген үкімнің сипаттау бөлігінде.

Компания басшысы басқа жол іздеген

Ақпан айында Есенов пен Жантурин арасындағы байланыс үзілгеннен кейін Карамолдин мәселені шешудің басқа жолдарын іздей бастаған. Ол өзіне бағынышты инженер Жанар Исабаевадан Экология департаментіндегі тексеру нәтижесіне ықпал ете алатын таныстары бар-жоғын анықтауды сұраған.

Исабаева Карамолдиннің пара беру туралы ойын түсініп, оған көмектесуге келіскен. Ол бұрын Атырау облысы әкімдігінде қызмет атқарған Рустем Абиловке хабарласып, компанияға қатысты экологиялық тексеру мәселесін пара арқылы шешуге болатынын айтқан.

Абилов бұл мәселені Айбек Рахметовпен талқылаған. Рахметовтің бұрын Атырау облысы прокуратурасында қызмет атқарғаны сот үкімінде көрсетілген. Абилов оған компания өкілдері мәселені оң шешу үшін 10–15 млн теңге беруге дайын екенін айтқан.

Алайда сот анықтағандай, Рахметовтің Экология департаментінде мәселені шешуге ықпал ете алатын таныстары болмаған. Ол Абиловпен бірге Исабаеваны алдап, ақшаны иемдену туралы қылмыстық жоспар құрған.

Кейін олар Исабаеваға экологиялық тексеру мәселесін шешетін лауазымды тұлғалар табылғанын айтып, 15 млн теңге қажет екенін жеткізген. Сонымен қатар Абилов Исабаеваға осы ақшаны алуға көмектескені үшін 1 млн теңге берілетінін айтқан.

15 млн теңге беруге келісім жасалған

Наурыздың 15–16-сы шамасында Исабаева Карамолдинге экологиялық тексеру нәтижесіне ықпал ету үшін таныстары арқылы Экология департаментінің лауазымды тұлғаларына 15 млн теңге беру қажет екенін айтқан. Кәсіпорынға шамамен 650 млн теңге айыппұл салынуы мүмкін екенін ескерген Карамолдин ақша беруге келіскен.

Пара берілген

27 наурызда Исабаева Карамолдинге экологиялық тексеру мәселесін шешу үшін шұғыл түрде 5 млн теңге қажет екенін жеткізген. Карамолдин өз жинағындағы 2,85 млн теңгені және несиеге алған 2,18 млн теңгенің бір бөлігін пайдаланып, қажетті соманы жинаған. Кейін ол Исабаеваға 5 млн теңгені берген.

Сол күні Исабаева бұл ақшаны «Infinity» ойын-сауық кешенінде Рустем Абиловке тапсырған. Абилов кейін Айбек Рахметовке 3 млн теңге берген, ал қалған 2 млн теңгені өзі иемденген.

30 наурызда Экология департаменті компанияға қатысты тексеруді бастаған. Карамолдин бұған алаңдап, Исабаевадан жағдайды сұраған. Ол мәселе шешілетінін және лауазымды тұлғалар қалған ақшаны күтіп отырғанын айтқан.

9 сәуірде Карамолдин тағы 5 млн теңге берген. Исабаева бұл ақшаны «Zerde» дәріханасынан Рустем Абиловке тапсырған. Абилов ақшаны алғаннан кейін Айбек Рахметовке берген.

13 сәуірде соңғы 5 млн теңге дайындалған. Карамолдин ақшаны қызметтік көлігіне қалдырып, Исабаеваға алып кетуді тапсырған. Исабаева ақшаны алып, кейін Абиловке тапсырған. Дәл осы параны алу кезінде Абилов ҚР ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлеріне ұсталған.

Тергеу барысында Абилов ақшаны әрі қарай Рахметовке беретінін айтқан. Осыдан кейін 4 млн теңгені Рахметовке беру операциясы уәкілетті орган қызметкерлерінің бақылауымен жүргізілген. Ақшаны алған кезде Рахметов те ұсталған.

Сот қандай жаза тағайындады?

Сот Карамолдинді Экология департаментінің лауазымды тұлғаларына ірі мөлшерде, жалпы 15 млн теңге пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп таныды. Исабаева пара беруге оқталған Карамолдинге көмектескені үшін кінәлі деп танылды. Ал Абилов пен Рахметов адамдар тобы болып, 14 млн теңге көлемінде алаяқтық жасауға оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.

Карамолдинге параның 18 еселенген сомасы мөлшерінде 270 млн теңге айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте, судья қызметінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Исабаеваға да 270 млн теңге айыппұл тағайындалып, бірқатар мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Ал Абилов пен Рахметовтің әрқайсысына 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар олардан қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде алынған 10 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілді.

Айта кетейік, Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есеновтің тәртіптік ісі мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Атыраудағы департаментінде қаралып, атқаратын лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жаза тағайындалды. Яғни, басшы орынбасары қызметінен босатылды.

Еске салайық, осы жылдың алғашы алты айында Атырау облысында экологиялық заңнаманы бұзуға байланысты 218 әкімшілік іс қозғалып, 2,4 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Олардың арасында аталған «Потенциал-Ойл» ЖШС-і де бар.