Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Айбек Бахтияровтың айтуынша, өңірде алкоголь өнімдері, жанар-жағармай және өзге де акциз салығы салынатын тауарларды өткізетін 1 600-ден астам кәсіпкер тауарларға арналған ілеспе жүкқұжат ақпараттық жүйесін пайдаланған.
– Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжат жүйесі тауарлардың қозғалысын бақылауға және олардың заңды айналымын қамтамасыз етуге арналған. Сондықтан акциз салығы салынатын тауарлармен жұмыс істейтін кәсіпкерлер бұл құжатты электронды түрде рәсімдеуге міндетті, – деді Айбек Бахтияров.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері электронды жүкқұжатты белгіленген мерзімде рәсімдемеу немесе уақытында растамауға байланысты 36 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
– Нәтижесінде кәсіпкерлерге жалпы сомасы 3 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды, – деді бөлім басшысы.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 283-1-бабына сәйкес, электронды тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатты белгіленген мерзімде рәсімдемеген кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Аталған бапқа сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 20 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл көзделген.
Бұған дейін өндіріске қажетті импорттық тауарлар тізімі кеңейтілуі мүмкін екенін жазған едік.