Атырауда ер адам никаб киген бойжеткенді аяусыз ұрған
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда ер адам никаб киген бойжеткенді аяусыз ұрып, тепкілеген. Полиция күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғады.
Телеграм арналарында тараған ақпаратта оқиғаның Атырауда болғаны жазылған. Тұрғын үйдің кіреберісінде ер адамның бойжеткенге жұдырық жұмсап, бүйірінен соққан. Кейін тепкені видеоға түсіп қалған.
Бірінші қабаттағы пәтерден шыққан әйел араласқан соң ер адам жөніне кеткен.
Аталған оқиғаның мән-жайын білу үшін Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан едік.
— Күдікті полиция бөліміне жеткізілді. Аталған дерек бойынша ұрып-соғу бабымен қылмыстық іс тіркелді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс көбейгенін хабарлаған болатынбыз.