Атырауда ер адам 8 жасар қызды алып кетпек болды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Оқиға Нұрсая Болашақ шағынауданында кешкі уақытта болған. Белгісіз ер адам кәмелетке толмаған қызды ертіп әкетуге әрекеттенген. Алайда тұрғындар күдікті әрекетті байқап, араласып үлгерген.
Олар ер адамды ұстап, оқиға орнына полиция шақырған.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, ер адам қашып үлгергенімен, көп ұзамай тәртіп сақшылары күдіктіні ұстаған.
— Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері 1987 жылы туған күдіктіні анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, — деп хабарлады Kazinform агенттігіне Атырау облысы полиция департаменті.
Бұған дейін Алматыда жасөспірім 2 жасар баланы көтеріп, жерге лақтырып жібергенін жазғанбыз.