Атырауда есірткі сату күдігіне ілінген Ақтау тұрғыны ұсталды

Фото: Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Ақтау қаласының тұрғыны Атырауда есірткі сатпақ болған кезде ұсталды. Күдікті қамауға алынды.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, күдікті жалға алған пәтерде ұсталған. 

– Ақтау қаласының 29 жастағы тұрғыны есірткі заттарын сатуды ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Полиция қызметкерлері күдіктіні Атырау қаласындағы көпқабатты үйдегі жалға алған пәтерден ұстады. Күдіктінің уақытша жалдаған пәтеріне жүргізілген тінту кезінде жалпы салмағы 211,84 грамм болатын «Альфа-PVP» есірткі заты салынған 3 зип-пакет пен 40 орама табылды.

Есірткі заттары тәркіленді, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ұсталғанн күдікті қамауға алынды. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

– Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды. Ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту, не өткізуге байланысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер үшін мүлкi тәркiленiп, 10 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру қарастырылғанын ескертеміз, -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда есірткі тасымалдаған 60 адамның арасында 9 әйел, 3 жасөспірім болғанын хабарлаған едік.