Атырауда Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара өтті

Фото: Атырау облысының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM - Атыраудағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен салтанатты жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов аймақтың дамуына үлес қосып жүрген қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

— Қазақ халқында «Жұмақ – ананың табанының астында» деген дана сөз бар. Ата-бабамыз әлімсақтан әйел затын ардақтап, ананы айрықша қадір тұтуға тәрбиеледі. Өмірлік құндылықтар аналардан сіңеді, білім мен адамгершілік қағидалары ананың ақылымен дарып, болашақтың іргесі қаланады,-деді облыс әкімі. 

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Еліміздің тарихындағы қиын-қыстау кезеңдерде қазақ әйелдері ерлермен бірге батылдық пен жанқиярлық танытты. Отанға деген адалдықтың символына айналған Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанованың ерлігі соған айқын дәлел.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Бүгінгі бейбіт заманда да әйелдер қоғам өмірінің барлық саласында – білім, медицина, ғылым, мәдениет, бизнес және мемлекеттік басқару салаларында табысты еңбек етіп, ел дамуына зор үлес қосуда. Бұған қоса, әйел-аналар ұрпақ тәрбиесінің тізгінін берік ұстап келеді.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

-Өлкеміздің әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, отбасы бақытын, жарқын жетістіктер тілеймін, — деді облыс басшысы.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Салтанатты жиынды түрлі сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.