Атырауда қамыс өрті 10 сағаттан бері сөндіріліп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Қызылқоға ауданында 10 сағат бұрын басталған қамыс өрті әлі сөндіріліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт аумағы 7 гектарды құрайды.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

18 қазанда сағат 23:27–де Қызылқоға ауданы Қарабау ауылынан шамамен 13 шақырым қашықтықтағы ашық аумақта қамыс өртенген. 

Қазіргі уақытта өрттің 5 гектары сөндірілді. Қызыл жалынды ауыздықтауға 34 адам мен 5 техника жұмылдырылған. Оның ішінде трактор, жүк тиегіш және өрт сөндіру модулі бар.

— Зардап шеккендер жоқ. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өртті сөндіру жұмысы жалғасуда, — деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, елімізде жыл сайын 18 мыңнан астам табиғи және техногендік төтенше жағдай тіркеледі. Оның шамамен 12 мыңы — өрт.