Атырауда қамыс өртінен ауаның ластануына қатысты тексеріс басталды

Фото: Атырау облысы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Атырауда қамыс өртінің салдарынан ауа ластанып, оның зардабын тұрғындар көрді. Бұл ақпаратты Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев растады.

— Тексеріс жүріп жатыр, нәтижесін күтеміз, — деп қысқа қайырды Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ министр Атырау ауасының ластануы қамыс өрті салдарынан екенін растады. 

— Иә, өрттің әсерінен жел қалаға қарай соққан, салдарынан қалаға көк түтін келіп, халыққа кері әсерін тигізді. Ауылда тұрған болсаңыздар білесіздер, көктемде ауылда қамыс өртейді, жұмсақ көк шықсын деп, оны мал жейді, — деп толықтырды ведомство басшысы.

Еске сала кетсек, «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті 13 маусымда түскі мезгілде тұтанған. Содан бері 1515 гектарды жалын шарпыған. 

18 маусымнан бері «Ақжайық» резерватындағы ахуал бақылау мұнараларынан тікелей көрсетіліп жатыр

Сондай-ақ «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртке адам факторының әсері болуы мүмкін екенін хабарлаған едік.

Одан бөлек «Ақжайық» резерватындағы өртті сөндіруге тағы бір тікұшақ тартылды.