Облыс әкімдігінің ресми ақпаратына сүйенсек, Атырау облысының бюджеті 2026 жылы — 1 трлн 191,4 млрд теңге. Бюджеттің триллион теңгеден асқаны өңірдің қаржылық мүмкіндігі шексіз дегенді білдірмейді. Себебі оның 666,9 млрд теңгесі ағымдағы шығыстарға бағытталған. Даму бюджетіне 262,1 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, 262,4 млрд теңге республикалық бюджетке алынатын қаражат ретінде көрсетілген.
Қазір облыста бір уақытта ондаған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Олардың арасында онкологиялық диспансер, жедел медициналық жәрдем станциясы, «Өркен» және «Нұрсая» шағынаудандарындағы емханалар, 1200 орындық концерт залы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Мұнайшы» стадионы, «Тайсойған–Миялы» магистральдық су құбыры және кәріз-тазарту құрылыстары бар.
Бірнеше ірі жобаның қатар жүруі олардың барлығын белгіленген мерзімде аяқтауға қатысты сұрақ туғызады. Әкімдіктің өзі де нысандардың басым бөлігі бірнеше жылға есептелгенін және қаржыландырудың кезең-кезеңімен жүргізілетінін хабарлаған. Мысалы, «Өркен» және «Нұрсая» шағынаудандарындағы екі емхана биыл аяқталуға тиіс. Ал 1200 орындық концерт залы бірнеше жылға жоспарланған ауыспалы жоба ретінде қаржыландырылмақ.
Бұған дейін халық 15 жыл күткен концерт залының құрылысына жауапты мердігер өкілі қаржыландыру мәселесі шешілмесе, құрылыс тоқтап қалу қаупін барын жасырмаған еді. Сол кезде әкімдік өкілдері биыл 30 млрд теңгеге жуық қаржы сұралғанын, алайда бөлінбегенін айтты.
Қаржы мәселесі тек жаңа құрылыстарға ғана қатысты емес. Мысалы, биыл Атырау облысында 9 білім беру ұйымын реновация арқылы жаңарту жоспарланған. Алайда қазір қаржы тек үш нысанға бөлінген. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов қалған алты мектепте жөндеу жұмысы бюджет қаражатының тапшылығына байланысты басталмай отырғанын мәлімдеді.
Басталған жобаларға қатысты бюджет тапшылығы мәселесіне қатысты әкімдік нақты жауап бермеді.
Әкімдік қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған жобалардың жалпы құны 200 млрд теңгеден асатынын хабарлады. Бірақ олардың іске асу мерзімі нақты белгіленбеген. Шешім жобаның басымдығына, әлеуметтік маңыздылығына, дайындық деңгейіне және бюджет мүмкіндігіне қарай қабылданады.
— Өңірде қазірдің өзінде іске асырылып жатқан жоба көп болғандықтан, негізгі басымдық басталғандарын аяқтауға және халық үшін аса қажет әлеуметтік әрі инженерлік — инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға беріледі. Қалған дайын жобаларды алдағы жылдары кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыс әкімдігі қосымша қаржыландыру көздерін, оның ішінде республикалық бюджет қаражатын тарту бойынша жұмыстанып жатыр, — делінген әкімдіктің жауабында.
Атырау облысының 2026 жылғы бюджеті сырт көзге қомақты көрінеді. Алайда нақты есепке келгенде, оның едәуір бөлігі ағымдағы шығыстарға жұмсалады. Ал даму бюджеті 262,1 млрд теңге көлемінде қалып отыр. Осы қаржыға қазірдің өзінде салынып жатқан ірі нысандарды аяқтау керек. Сонымен бірге жол, су, кәріз және әлеуметтік инфрақұрылым бағыттарындағы жаңа жобалар да қаржыландыруды күтіп тұр.
Бұған дейін өңірге оқушыларды тасымалдауға 28 автобус жетіспейтінін жазған едік.