Атырауда Каспий Құбыр Консорциумының қолдауымен «Фариза оқулары» облыстық байқауы өтті

АТЫРАУ. KAZINFORM - 2024 жылғы 9 қазанда Атыраудағы Абай атындағы оқушылар орталығында осы өңірде дәстүрге айналған айтулы мәдени-рухани іс-шара – «Фариза оқулары» облыстық байқауы өтті.

Фото: Каспий Құбыр Консорциумы

Оған Атырау облысының ауылдық және аудандық жалпы білім беру мектептерінің 8-11 сынып оқушылары қатысты.

«Фариза оқулары» байқауы 2020 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Аталмыш байқау Атырау облысының тумасы, ақын, халық жазушысы және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған.

Ол қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосып, қазақ поэзиясын үлкен белестерге шығарды, жастарды әдеби шығармаларды оқуға ынталандырды. Оның өлеңдері, очерктері, әңгімелері біздің елде ғана емес, сондай-ақ шетелде де танымал болды. Көптеген шығармасы шет тілдеріне аударылды. Ақын өлеңдеріне қаншама ән жазылып, жарты ғасырдан бері эфирде шырқалып келеді. Сондықтан, бұл байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамыту, оларды патриотизмге және туған өлкенің мәдени дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелеу.

«Каспий Құбыр Консорциумы әлеуметтік жауапты компания ретінде қашанда қоғам үшін маңызды жобаларға қолдау көрсетеді. Бүгін біз «Фариза оқулары» облыстық байқауын ұйымдастыруға атсалысып жатырмыз. Бұл іс-шараны өңіріміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға деп есептеймін, өйткені байқауға қатысу арқылы оқушылардың мәдени мұраны сақтауға және одан әрі дамытуға қызығушылығы оянады, жеткіншек буын рухани құндылықтарды бойларына сіңіреді, шығармашылықпен айналысуға деген ынталары артады», – деп атап өтті «КҚК-Қ» АҚ бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.

«Фариза оқулары» өткізіле бастаған 4 жыл ішінде оған 200-ден астам мектеп оқушысы қатысты. Байқауды Атырау облысы Білім беру басқармасының Таланттарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырады, ал «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ осы іс-шараға өзінің медицина, мәдениет және білім беру саласын қолдауға, сондай-ақ Атырау облысындағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қайырымдылық қызметі аясында қолдау көрсетіп келеді.

Биыл байқауға аудандық (қалалық) кезеңдердің жеңімпазы болған 50-ге жуық оқушы қатысты. Екінші, яғни облыстық кезеңде байқауға қатысушылар үш бағыт бойынша өз өнерлерін ортаға салды:

1. «Жырым қалсын жанымның ұшқынындай» – Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқу сайысы.

2. «Өлең, мен сені аялап өтем...» — Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған әндерді орындаушылар сайысы.

3. «Фариза шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу» – Фариза Оңғарсынованың шығармалары тақырыбындағы суреттер сайысы.

Облыстық байқау қорытындылары бойынша қатысушылар әрбір аталған бағыттар бойынша I, II және III дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ Таланттарды анықтау және қолдау орталығының алғыс хаттарымен марапатталды. Біз осы жеңімпаздардың арасынан Фариза шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу бағыты бойынша бірінші орынды иеленген, Индер ауданындағы Қ.Абаханов атындағы орта мектептің 10-сыныбының оқушысы Халида Оңдасынмен тілдесіп үлгердік.

«Үш жылдан бері суретшілер үйірмесіне қатысып жүрмін. Мені сурет салуға жетекшім Жанар Мұхаметжанова үйретіп жүр. Бүған дейін екі республикалық суретшілер байқауына қатысып, екеуінде де үшінші орын алған едім. Ал бұл байқауға қатысу үшін Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін қайта-қайта оқыдым. Өйткені суретті ақынның шығармашылығымен байланыстыру қажет болды. Байқаудың бірінші жүлдесін алғаныма қуанып тұрмын», – дейді Халида Оңдасын.

Жыл сайын Консорциум Қазақстан Республикасындағы қайырымдылық жобаларына 3 млн АҚШ долларынан астам қаражат бөледі. Жалпы 2001-2023 жылдар аралығында компания Атырау облысы аумағындағы қайырымдылық жобаларына шамамен 14 млрд теңге жұмсады. Реті келгенде айта кетейік, КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағында энергетика саласында іске асырылып жатқан ірі жобалардың бірі. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1 511 километрді құрайды. Бұл бағдармен Қазақстанның экспортқа шығарылатын мұнайының үштен екісінен астамы, сондай-ақ ресейлік, соның ішінде Каспийдегі кен орындарынан алынатын шикізат тасымалданады. КҚК теңіз терминалы үш шығарылатын айлақ құрылғысымен (ШАҚ) жабдықталған, олар танкерлерге мұнайды жағадан айтарлықтай алыста тиеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Каспий Құбыр Консорциумының бірнеше халықаралық акционері бар.

Олардың үлес салмағы келесідей: Ресей федерациясы - 24%, «КТК Компани» ХК (ЖШҚ) - 7 %, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ - 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC - 1,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, Лукойл Интернешнл Гмбх – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holdings Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. S.ar.l. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.