Жиынға Қазақстан және Ресей ғалымдары мен сарапшылары, табиғатты қорғау және экологиялық бірлестіктерден, үкіметтік емес ұйымдардан өкілдер қатысты. Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде өткен кездесуде Каспий теңізінің қазіргі экологиялық ахуалы, су деңгейінің төмендеуі, климаттың өзгеруі, су ресурстарының азаюы, биоалуантүрлілікті сақтау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Пленарлық отырысты Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов ашып, Каспий теңізі оның жағасындағы барлық мемлекетке ортақ табиғи байлық екенін атап өтті.
– Теңіз деңгейінің төмендеуі, климаттың өзгеруі және су ресурстарының азаюы сияқты мәселелер бірлескен іс-қимылды қажет етеді. Бүгінгі кездесу – ғылым мен тәжірибені ұштастыра отырып, экологиялық проблемалардың нақты шешімдерін бірге іздеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Біз Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігіне ерекше мән береміз. Облыста қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын ұтымды пайдалану және экожүйені сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Каспийді сақтау – баршамызға ортақ міндет, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ ол мәселені кешенді түрде қарастыру қажетін айтып, Каспий деңгейінің төмендеуіне ғана емес, оның флорасы мен фаунасына әсер ететін салдарға да назар аудару керегін атап өтті. Бұдан бөлек, қамыс өрті мәселесін шешу және оны тиімді пайдалану мүмкіндіктерін қарастырудың мән-маңызына да тоқталды.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында өңірде 266 экологиялық іс-шара өткізілді. Акция шеңберінде 210 сенбілік ұйымдастырылып, оған 75,5 мыңнан астам қатысты. Сенбіліктер кезінде 6 542 тонна қоқыс шығарылып, 17 729 түп ағаш көшеті отырғызылды. Бұған қоса, 8 483 аула абаттандырылған.
Өңірде экологиялық бастамалармен қатар су биоресурстарын сақтау бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Атырау облысы еліміздегі балық шаруашылығы саласы дамыған негізгі өңірлердің бірі саналады. Қазақстанда жыл сайын ауланатын 50 мың тонна балықтың 19 мың тоннадан астамы Атырау облысының үлесінде.
Бекіре тұқымдас балықтарды сақтауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Атырау бекіре өсіру зауыты жыл сайын табиғи ортаға шамамен 5 млн шабақ жібереді. Қазіргі уақытта кәсіпорын жаңғыртылу үстінде. Жұмыс аяқталған соң зауыттың өндірістік қуаты жылына 7,4 млн шабаққа дейін артады.
Сарапшылар пленарлық отырыс барысында «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі аумағындағы Каспий теңізінің экологиялық жағдайы, су деңгейінің төмендеуінің «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының биоалуантүрлілігіне әсері, Каспий теңізі мен оған құятын өзендерден су алу мәселелері және басқа да өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасады.
Жиын барысында су шаруашылығының дамуына үлес қосқан белсенді азаматтарға облыс әкімінің алғысхаты табысталды. Сондай-ақ табиғатты қорғау жұмыстарына атсалысып жүрген жас экологтар мен еріктілер де марапатталды.
Кездесу «сұрақ-жауап» форматында жалғасып, қатысушылар өңірдегі нақты экологиялық мәселелерді және оларды шешу жолдарын талқылады.