Атырауда кәсіпкерлікті дамытуға 9 млрд теңге бөлінді

Фото: ОКҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында бірінші жартыжылдықта шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 2,4 трлн теңгеге жетті. Бұл облыстың жалпы өңірлік өнімінің 21%-ы. Өңір әкімі Серік Шәпкенов шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдау шаралары туралы айтып берді. 

Әкімнің айтуынша, биыл облыста кәсіпкерлікті дамытуға 9 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.

— Қазір жалпы құны 36 млрд теңгелік 254 кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілді, 1725 жаңа жұмыс орны ашылды. Қолдау құралдары қатарында несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілсіз несиеге ішінара кепілдендіру, қайтарымсыз мемлекеттік гранттар, сондай-ақ «Өрлеу» бағыты арқылы жаңа бизнес бастамаларды қолдау бар, — деді Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Инвестжобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары экономиканың түрлі саласында 26 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген. Оның 13 мыңнан астамы — тұрақты жұмыс орны.

— Мансап орталықтарының көмегіне жүгінген 35 мың адамның 15 мыңнан астамы жұмыспен қамтылды. Оған қоса, 14 мың адамға кәсіби бағдар беру аясында ваучерлер берілді. Өз кәсібін бастауға ниетті тұрғындарды қолдау мақсатында 300 азаматқа қайтарымсыз грант берілді, — деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Атырау облысында 20 жаңа жоба іске асырылып, 1 300-ден аса жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, Атырауда 450 гектарлық жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды.