Атырауда қатарласын пышақтаған оқушының ісі сотқа жетті

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Binom School оқушысына жасалған шабуылға қатысты қылмыстық іс түсті. Айыпталушы ретінде 15 жастағы оқушыдан жауап алынады.

Фото: Kazinform

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі істің сотқа түскенін растады. Процесс жабық өтеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 99-бабының 3-бөлігі (Жас баланы өлтіруге әрекет жасау) бойынша айып тағылып отыр.

Еске салайық, қанды оқиға 13 наурыз күні жеке мектептердің бірінде болды. 9 сынып оқушысы 8 сыныпта оқитын қызды пышақтаған. Ауыр жарақат салдарынан ол ауруханаға түскен еді.