Атырауда кондиционерге отырып алған ер адам қылмыстық іс бойынша күдікті болып шықты

АТЫРАУ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Атырауда ер адамның көпқабатты үйдің екінші қабатындағы салқындатқыш қондырғысына отырып алған сәті тарады. Полиция оның бұған дейін қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылғанын хабарлады.

Видеодан алынған кадр

Оқиға 6 қазан күні кешкі уақытта болған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан 31 жастағы жігіттің көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан салқындатқыш қондырғысына отырып алғанын байқауға болады. Оқиғаға қатысты Атырау облысы полиция департаменті түсініктеме берді.

Полицияның мәліметінше, видеода көрсетілген азамат қыркүйек айында қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Алайда ол шақырту алғанына қарамастан, келуден жалтарған. Қазіргі уақытта азамат полиция бөліміне жеткізілген.

— Айта кетейік, танысымен болған жанжалдан кейін күдікті өзге де адамдармен бірге оған суық қару қолданып, дене жарақатын салған. Соттың жеке қаулысына сәйкес, оның әрекеттеріне құқықтық баға беру тапсырылған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Астанаға 3 келі мефедрон жеткізбек болған екі адам ұсталғанын жазған едік.