Оқиға бүгін таңертең үш қабатты ғимаратқа жапсарлас орналасқан қазандықта болған. Газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан жақын маңдағы көпқабатты тұрғын үйдің терезелері мен екі жеңіл көлік зақымданған еді.
Зардап шеккен ер адам сағат 11:00 шамасында Атырау облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімшесіне жеткізілген.
- Науқастың диагнозы – аралас жарақат, беті мен жоғарғы аяқ-қолдарының күйігі және ауыр ашық бас-ми жарақаты. Қазір ол нейрохирургия бөлімшесінде ем алып жатыр. Жағдайы ауыр, дегенмен тұрақты. Барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр, – деді Атырау облыстық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Еркін Ербөлеков.
Атырау қаласының әкімдігі оқиғаға орнына шаһар басшысының орынбасары оқиға орнына барып, жағдаймен толық танысқан.
- Ғимарат иесі келтірілген шығынды толық өтейді. Қазір зақымданған терезелердің өлшемдері алынып, оларды қалпына келтіру жұмысы екі мердігер мекеме тарапынан жүргізілетін болады, - деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тиісті тексерісті бастап кеткен.
Бұған дейін Ақтөбеде Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтасында жұмысшысы қаза тапқанын жазған едік.