Атырауда қылмыстық топ кәсіпкерлерден 10 млн теңге бопсалаған
Атырауда кәсіпкерлерден 2,6 млн теңге алу кезінде қылмыстық топ ұсталды. Күдіктілердің деструктивті діни ағым өкілдері екені анықталды, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдік 6 желтоқсанда ұсталды.
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жеке кәсіпкерлерден 10 млн теңге бопсалаған қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкереледі. Полицейлер жәбірленушілерден 2 млн 600 мың теңге алу үшін кездесу ұйымдастырған қылмыстық топтың 4 мүшесін ұстады. Деструктивті діни ағым өкілдерінен құралған топ наурыз айынан бері жәбірленушілерді бопсалап, әрқайсысынан 5 млн теңгеге жуық қаржы иемденбек болған», – деп хабарлады ведомстводан.
Қазір күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбады.