Атырауда қызылша ауруын жұқтырғандар ауруханаға өздері барған

Фото: Фото: iStock

Атырауда қызылша ауруын жұқтырғандар ауруханаға өздері барған. Дәрігерлер мұны өрсекел қателікке балап отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен жиында денсаулық саласындағы түйткілді мәселелер талқыланды. «КазМедПроект» ЖШС маманы Ерік Шонбаевтың айтуынша, денсаулық сақтау саласында екі өзекті мәселе бар.

– Біріншіден, салада кадр жетіспейді. Осыған байланысты кадрмен қамтуды жетілдіруді ұсынамын. Екінші өзекті мәселе, жол-көлік апаттарынан болатын өлім-жітімнің көбеюіне байланысты болып отыр. Осындай оқиғалардан болатын өлімнің 70 пайызы жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін тіркеледі. Сол себептен, жеделділікті аттыруымыз керек, - деді Ерік Шонбаев.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілованің дерегіне сүйенсек, өлім көрсеткіші төмендеген.

– Мәселен, былтыр облыста өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 3,9 пайыз болса, биыл 3,5 пайызға төмендеді. Нәресте өлімі 9 пайыздан 7,4 пайызға азайды. Аймақта тұрақты табиғи өсім бар. Жүкті әйелдерге амбулаториялық қызмет деңгейі мен скрингті тексеру көрсеткіші Құрманғазы, Исатай аудандық ауруханаларында төмен, -деп хабарлады Алмагүл Әбілова.

Атырау облыстық №2 аурухананың директоры Надя Ерғалиеваның мәліметінше, қызылшаны ауруын жұқтыру көрсеткіші артқан. Тез жұғатын аурудың өршуі вакцинадан бас тартушылардың көптігінен болған.

– Биыл тамыз айында қызылшаны 45 адам жұқтырды. Қыркүйектегі көрсеткіш – 201 дерек. Қызылша диагнозымен былтыр 2 адам, биыл 9 айда 444 жұқтырушы тіркелді. Қызылша ауруын жұқтырғандар ауруханаға өздері келіп жүр. Бұл – өрескел қателік. Жұқпалы ауруды жұқтырған адамдаар өз үйінде оқшаулануға, немесе ауруханаға жедел жәрдем бригадасының көлігімен жеткізілуге тиіс, -деп мәлім етті Надя Ерғалиева.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікірінше, қызылша ауруына қарсы күрес төмен деңгейде қалып отыр.

– Қызылшамен күрес әлі де «шикі». Аудандарда көрсеткіштер көңіл қуантпайды. Тұрғындарды ақпараттандыру деңгейі төмен. Бұқара әлі бұл дерттің қауіпті екенін сезінбей отыр. Сол себептен, қызылша ауруына қарсы күресті жандандыру үшін арнайы комиссия құрып, жағдайды толық бақылауға алуымыз керек, - деді Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында қазан айында тұмау мен ЖРВИ жұқтыру дерегі көбейгенін жазған едік.