Атырауда қызылшамен ауырған бір жасар қыз көз жұмды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауға Жылыой ауданынан санитариялық авиация арқылы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген бала көз жұмды. Бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.

Фото: pixabay

Басқарманың ресми мәліметіне қарағанда, бір жасар қыз 14 қараша күні ауыр халде облыстық жұқпалы аурулар ауруханаға жеткізілген. Бұған дейін ол аудандық ауруханада ем қабылдаған. Қызылша жұқтырған кішкентайдың стационарға түскен кезде жағдайы аса ауыр болған.

— Негізгі ауруының асқынуы салдарынан екіжақты пневмония, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыған. Дәрігерлер қарқынды терапияның толық кешенін жүргізгенімен, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, — деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.

Өңірдегі қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуалға келсек, биыл 1 қазан мен 17 қараша аралығында зертханалық жолмен расталған 45 жағдай тіркелген. Былтыр осы кезеңде 78 жағдай анықталған.

Қазір стационарда қызылшаға күдік бар және диагнозы расталған 7 науқас ем қабылдап жатыр. Оның төртеуінен инфекция зертханалық жолмен расталса, қалған үшеуіне әзірге күдік бар. Медициналық мекемеге түскен науқастардың басым бөлігі қызылшаға қарсы екпе алмаған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аурушаңдық көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендегеніне қарамастан, сақтық шараларын ұстанып, вакцина салдыруға шақырды.

Бұған дейін БҚО-да қызылшамен ауырғандар саны 17 есеге жуық артып кеткенін жазған едік.