Атырауда көлік қаққан 2 бала аурухананың жансақтау бөліміне түсті

Фото: Canva

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында 2 және 5 жастағы 2 баланы көлік қағып кетті. Зардап шеккен балалар аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.

Атырау қалалық полиция басқармасының аға инспекторы Асхат Шодымовтың айтуынша, жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың жол-көлік оқиғасынан зардап шегуі алаңдатарлық жайтқа айналған. 

– Мәселен, 1 шілде күні сағат 18:30 шамасында «Kia Sorento» автокөлігін айдап келе жатқан 47 жастағы жүргізуші 2023 жылғы баланы қағып кетті. Ауыр жарақат алған балақай облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Осы тектес оқиға 3 шілде күні сағат 18:50 шамасында тіркелді. «Lada Granta» автокөлігінің жүргізушісі 2020 жылғы баланы қағып, денсаулығына зақым келтірді. Бала аурухананың жансақтау бөліміне түсті, -дейді Асхат Шодымов.

Оның айтуынша, аталған деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

– Ата-аналарға балаларды үй ауласында қараусыз қалдырмауды ескертеміз. Ал көлік жүргізушілерінің назарына қауіпсіздік ережелерін сақтаудың қажеттігін саламыз, -деп мәлім етті Асхат Шодымов.

Есте сала кетелік, бұған дейін Атырауда кәмелетке толмаған 2 жасөспірім суицид жасағанын жазған болатынбыз.