Биыл Құрманғазы ауданындағы өзендерге су мол келіп, аудан аумағындағы барлық 123 су айдынына жетті. Соның нәтижесінде бұрын су баспаған жерлерде қосымша 22 көлшік пайда болған.
Қазір Қиғаш және Шарон өзендері мен олардың салаларындағы су деңгейі күрт төмендеп, өзендерден бөлініп қалған 68 көлшік пен сайда су тұрып қалған. Мамандардың мәліметінше, су айдындарында өсімдіктердің шамадан тыс көбеюі құтқару жұмыстарын қиындатып отыр.
Балық шабақтарын құтқару жұмыстары 15 маусымнан бері жалғасуда. Оған Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің мамандары, балық шаруашылығы субъектілері, жергілікті атқарушы орган, «Жастар ресурстық орталығы» мен «Жасыл ел» бағдарламасының қатысушылары жұмылдырылған.
— Бүгінге дейін инспекция мамандарының ұйымдастыруымен 5 миллион 407 мың дана балық шабағы құтқарылды. Құтқарылған шабақтардың басым бөлігін қызылқанат, көксерке, мөңке, сазан, шортан, қаракөз, табан және жайын құрайды. Шабақтарды табиғи су арналарына шығару үшін бөлініп қалған көлшіктерді жалғайтын 4 823 текше метр арық қазылып, 7 442 шаршы метр аумақтағы шөп шабылды. Бұл жұмысқа 380 адам, 34 арнайы техника және 600 құтқару құралы тартылды, — деді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының балық шаруашылығы, мониторинг және цифрландыру бөлімінің бас маманы Алмас Жұмашев.
Қазір Сафон, Бірлік, Нұржау, Бөкейхан, Кудряшов, Шортанбай, Орлы және Еңбекші ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары аудан аумағындағы 51 учаскеде орналасқан жалпы көлемі 3 412 гектар су айдынында балық шабақтарын құтқару жұмысы жалғастырып жатыр.
Инспекция тұрғындарды жайылма суларда қырылу қаупі бар балықтар мен балық шабақтарын байқаған жағдайда балық шаруашылығы инспекциясына немесе жергілікті атқарушы органдарға хабарлауға шақырды.
Бұған дейін бекіре қорын сақтау үшін Жайыққа миллионнан астам шабақ жіберілгенін жазған едік.