Атырауда коммуналдық меншікке алынған 9 каналға ішнара жөндеу жүргізіліп жатыр

Фото: Атырау облысы әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіздігін қамтасыз ету үшін құрылған «Табиғат» КМК-ның иелігінде 21 канал бар. Қазір 9 каналға жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. 

Кәсіпорын Асланбек Рысжановтың айтуынша, биыл ақпаннан бері «Қазсуашар» РМК теңгеріміндегі 12 канал мен «Ералы» су торабы аталған кәсіпорын меншігіне берілген.

— Қазір кәсіпорын теңгеріміндегі 21 каналдың 9-ына ішінара жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Каналдардың бастау бөлігі қазылып, су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін арнасын кеңейту, тереңдету қолға алынды. Қосымша каналдар қазылды. Мәселен, «Нарын» каналында 40, «Сборныйда» — 2,7, «Бақсайда» — 10, «Есіркепте» — 2,2, «Мартышида» — 2,5, «Кобяково-Забурунда» — 1,5, «Сарыөзекте» — 5, «Алғада» — 1,7 және «7-ауыл — Айсары» каналының 2,2 шақырымындағы жұмыс аяқталды. Бұл жобаны жалғастыра береміз, — дейді Асланбек Рысжанов.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Оның дерегіне сүйенсек, былтыр тамызда құрылған кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Республикалық мекемеден 31 техника, жергілікті әкімдік арқылы мобилизация тәртібімен 3 жүк көлігі мен 1 автокран алынған.

— Каналдарды жөндеумен бірге тазалау жұмысын атқарамыз. Жағалауды қамыс пен шөгінді топырақтан тазартамыз. Теңгерімдегі көпірлердің астындағы су өткізгіш құбырлар да тазаланып жатыр, — деп мәлім етті Асланбек Рысжанов.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Мәселен, Соколок каналының ұзындығы — 43,6 шақырым. Қазір каналға бөгет салу, тереңдету жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Жоба жетекшісі Нұрлан Нұрбаевтың айтуынша, каналындың Жайық өзенінен Каспий теңізіне дейінгі аралығында 33 шақырым бөгет салынған.

— Мақсат — аталған каналмен Жайық өзенімен келетін артық суды Атырау қаласына жібермей, тікелей Каспий теңізіне бағыттау. Бұрын каналдағы судың жайылмаға шығуына тосқауыл болатын бөгет салынбаған еді. Биыл 1 наурызда басталған бөгет құрылысын желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр. Бөгеттің биіктігі — 3, ені — 6 метр. Канал арнасы 15-тен 50 метрге дейін кеңейтіліп, түбі 2 метрге тереңдетілді, — дейді Нұрлан Нұрбаев.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Бұл жұмысты атқаруға тартылған «Строй Статус КЗ» ЖШС-дан 57 адам тәулік бойы ауысыммен жұмыс істейді. Оларға 25 техника бөлінген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда былтырғы су тасқыны жырған жолды жөндеу қашан бітетінін хабарлаған болатынбыз