Атырауда компанияларға салынған 42 млрд теңге айыппұлдың 26 млрд теңгесі өндірілді

Фото: Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында былтыр қоршаған ортаны ластаған кәсіпорындарға 42 млрд теңге айыппұл салынған. 

Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің мәліметіне сүйенсек, табиғатты бүлдірген кәсіпорындарға 45 тексеру жүргізілген.

– Өңірде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар көп. Сол себептен, мұндай кәсіпорындар жұмысы қоршаған орта тазалығына кері әсер етеді. Осыған байланысты экологиялық заңнаманың сақталуын қатаң бақылауда ұстаймыз. Былтыр жүргізілген тексерулердің нәтижесінде бірқатар кәсіпорынның қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерінің алдын алу үшін әкімшілік шаралар қолданылды. Экологиялық заңнаманы бұзған кәсіпорындарға қатысты 200-ден астам әкімшілік іс қозғалды. Жалпы сомасы 42 млрд теңгенің айыппұлы салынды. Айыппұлдың 26 млрд теңге мемлекет пайдасына өндірілді, - деп хабарлады Асқар Жүсіпов. 

Оның айтуынша, экологтер заң бұзған субъектілерге айыппұлдар салумен шектелмейді. Кәсіпорындар қызметін заң талаптарына сәйкестендіру бойынша нақты жұмыстар жүргізіледі. 

– Басты мақсат – айыппұл салу ғана емес, кәсіпорындарды табиғатты қорғау шараларын күшейтуге ынталандыру. Осы бағытта өндірістік экологиялық бақылауды күшейтіп, атмосфералық ауаға, су ресурстарына және топырақтың ластануына мониторинг жүргізу жалғасады, - деп мәлім етті. 

Департамент басшысының дерегіне қарағанда, 2024 жылы мұнай-газ өнеркәсібіндегі компаниялар тарапынан қоршаған ортаны бүлдіру дерегі жиі байқалған. Осы саладағы 7 ірі компанияға қоршаған ортаны ластауға байланысты айыппұл салынған. 

Оның біріншісі – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС. Мұнай өңдейтін кәсіпорынға қондырғыларда жанған газ мөлшері белгіленген нормативтерден асырғаны үшін 5,2 млн теңге айыппұл салынған. 

Екінші компания – «Теңізшевройл» ЖШС. Еліміздегі ең ірі «Теңіз» кен орнын игеріп жатқан компанияға экологиялық рұқсатсыз эмиссияларға және ластаушы өнімдердің белгіленген нормативтен асуына байланысты салынған айыппұл 23 млн теңгеден асқан. 

Үшіншісі – «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» (NCOC). Каспий теңізіндегі «Қашаған» кенішінен мұнай өндіретін компания сарқынды суды тазартусыз төккен. Осыған байланысты 196 млн теңге айыппұл арқалаған. Ал алау газын жағу нормативтерін бұзғаны үшін салынған айыппұл көлемі 12 млрд теңгені құраған. 

Төртіншісі – «Қожан» АҚ. Бұл компания қауіпті қалдықтарды экологиялық рұқсатсыз жинақтаған. Осыған байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 6-тармағы бойынша хаттама толтырылып, 9,5 млрд теңге айыппұл салуға шешім қабылданған.

Бесінші компания – «Каспий Нефть» АҚ. Жылыой ауданындағы Айранкөл кен орнында қалдықтарды жинақтау лимитін алмай, жұмыс жүргізіп келгені анықталған. Аталған заң бұзушылық үшін 13 млрд теңге айыппұл салынды. 

Алтыншысы – «Жан и КС» ЖШС-ның әрекеті де осыған ұқсас. Серіктестік экологиялық рұқсатсыз қалдықтарды жинақтаған. Экологтер заң бұзушылыққа байланысты 3 млрд теңгенің айыппұлын салды. 

Жетіншісі – «Дала-Экос» ЖШС-ің қауіпті қалдықтарды жинауға экологиялық рұқсаты жоқ. Қоршаған ортаның тазалығына қауіп төндіруі мүмкін қалдықтарды өңдеуге лицензиясы болмаған. 

Бұл – заң талабына қайшы. Экологтер назарынан тыс қалған жоқ. Тексеруден соң компанияға 3 млрд теңге айыппұл салу туралы ұйғарым жасаған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда қалдықты рұқсатсыз жинаған серіктестікке 37,4 млрд теңге айыппұл салынғанын жазған едік.