Атырауда Конго-Қырым қызбасы тіркелді: бір науқастың диагнозы расталды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында бір отбасынан екі адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына байланысты инфекциялық ауруханада ем алып жатыр. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Pexels

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Исатай ауданының тұрғыны 12 тамызда ауру белгілерімен Атырау облыстық инфекциялық ауруханасына жатқызылған. ПТР зерттеуі оның Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына шалдыққанын растаған. Қазір науқастың жағдайы орташа, тұрақты. Динамикасы оң. Емдеу республикалық мамандардың бақылауымен жүргізіліп жатыр.

Отбасының екінші мүшесі 16 тамызда медициналық мекемеге жеткізілген. Оның жағдайы тұрақты, оң динамика байқалады. Қажетті тексерулер жүргізіліп, профилактикалық ем қабылдап жатыр. ПТР тестінің нәтижесі теріс болған. Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, екі науқасқа да клиникалық хаттамалар мен бейінді мамандардың ұсынымдарына сәйкес медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.

— Науқастармен байланыста болған адамдар есепке алынып, медициналық бақылауда. Қазіргі уақытта олардың ешқайсысында ауру белгілері тіркелмеді. Ауру анықталған аумақта ауыл шаруашылығы және үй жануарларынан, сондай-ақ кенелерден сынама алынды. Зертханалық зерттеулердің нәтижесі теріс болып шықты, — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы — аса қауіпті табиғи ошақтық вирустық инфекциялардың бірі. Аурудың негізгі тасымалдаушысы — иксод кенелері.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының таралуына жол бермеу мақсатында обаға қарсы станция, ветеринариялық қызмет және жергілікті атқарушы орган бірлесіп кешенді профилактикалық шаралар жүргізген. Оның ішінде кенеге қарсы өңдеу және дезинфекция жұмыстары ұйымдастырылған.

Әкімдік баспасөз қызметі тұрғындарға кенеден қорғану шараларын қатаң сақтауға шақырды.

— Табиғи аумақтарға, жайылымдарға, егістікке және мал қораларына барған кезде ұзын жеңді, ашық түсті киім киіп, шалбарды шұлықтың ішіне салу қажет. Ашық дене бөліктері мен киімді өңдеу үшін рұқсат етілген репелленттерді қолдану ұсынылады. Табиғаттан немесе мал шаруашылығы нысандарынан келгеннен кейін денені, киімді және үй жануарларын мұқият тексерген жөн. Денеңізге жабысқан кенені өз бетіңізше алуға болмайды. Мұндай жағдайда дереу медициналық мекемеге жүгіну қажет, — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықет ауыруы, жүрек айну және қан кету жатады. Осындай белгілер байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дереу дәрігерге қаралу қажет. Медициналық қызметкерге кене шаққанын, ауыл шаруашылығы жануарларымен немесе ауру адаммен байланыс болғанын міндетті түрде хабарлау керек.

Бұған дейін жыл басынан бері Қазақстанда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының зертханалық жолмен расталған 22 жағдайы тіркелгенін жазған едік.