Атырауда көпірден Жайыққа секіруге оқталған БҚО тұрғыны құтқарылды
Атырауда ер адам Жайық өзенінің үстінен салынған көпірден секіруге оқталды. Оның БҚО тұрғыны екені анықталды, деп хабарлайды Kazinform.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға кеше, 12 қарашада тіркелген.
«Жергілікті уақытпен сағат 17:52 шамасында Атырау қалалық полиция басқармасына қарасты жедел басқару орталығының қызметкерлері көпірден секіргелі тұрған ер адамды байқаған. Бұл туралы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабарлап, көпірдің қай көшеде орналасқаны туралы бағыттама берген. Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Данабек Сақуов пен Болатбек Әзімов 3 минутта жеткен. Тәртіп сақшылары оқиғаға бейжай қарамаған тұрғындардың көмегімен ер адамды құтқарып қалды, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Көпірден секіруге оқталған ер адамның Батыс Қазақстан облысының тұрғыны екені анықталды. Оның жасы – 30-да. Қазір ер адамның көпірден секіруге оқталу себебі анықталып жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысы әкімінің орынбасары көбінде ауқатты, толық отбасынан шыққан балалар өзіне қол жұмсауға бейім екенін айтқан еді.
Облыс әкімінің орынбасары Жасқлан Бисембиевтің айтуынша, биыл 38 бала өзіне қол жұмсамақ болған. Өкінішке қарай, 9 жасөспірімге жақындары тарапынан дер кезінде көмек берілмеген.
Жақында ата-анасына ренжіген 14 жасар қыз бен 15 жасар ұл биіктен секіріп кетті. Бірі көпқабатты үйден, екіншісі көпірден құлаған.
– Талдау көрсеткендей, көз жұмған балалардың басым көпшілігі — толық әрі ауқатты отбасынан. Алайда жүргізілген зерттеулерге сәйкес, мұндай әрекетке ата-анасымен, кейде достарымен келіспей қалған балалар бейім екен. Сондықтан, ата-аналар баласымен мейілінше ашық сөйлескені жөн. Олармен көбірек уақыт өткізіп, сырласына айналуы керек, -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.
Сондай-ақ, Атырауда 15-қабаттың балконынан секіруге оқталған әйел құтқарылғанын хабарлаған болатынбыз.