Атырауда қос азаматтығын жасырған ер адамға 516 мың теңге айыппұл салынды

Фото: Фото: pasporta.org

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда ер адам 1 жылдан бері қос азаматтығын жасырып келген. Оған 516 мың теңге айыппұл салынды.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері қос азаматтығы бар 17 адам анықталған.

«Сот шешімімен 15 адамға айыппұл салынды. Ал, 2 адам Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік жолмен шығарылды. Мәселен, Құрманғазы ауданының 47 жастағы тұрғыны 2002 жылы алғаш рет Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарын рәсімдеген. Алайда, 2023 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдап, сол жылы шілде айында сол елдің азаматтығын куәландыратын құжаттарын алған. Ер адамға қатысты ҚР азаматтық туралы заңнамасын бұзу, яғни ел заңнамасында белгіленген мерзімдерде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін Құрманғазы аудандық сотына жолданды. Сот шешімімен қос азаматтағы бар ер адам кінәлі деп танылды. Оған 140 айлық есептік көрсеткіш – 516 мың 880 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл мемлекет пайдасына өндірілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Аталған дерек негізінде 47 жастағы ер адам Қазақстан азаматтығынан айырылғаны тіркелді. Соған байланысты мәліметтер тиісті ақпараттық жүйелерге енгізілді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қос азаматтығы бар әйелге 500 мың теңге айыппұл салынғанын хабарлаған едік.